«Адалдық дүкені» ашылды

Сенім мен адалдыққа негізделген дүкен Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде ашылды. 

ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Қызылордадағы департаменті ұйытқы болған серпінді жобаны жоғары оқу орын студенттері жақсы қабылдады. «Адалдық дүкені» деген атауды иеленген дүкен өз-өзіне қызмет көрсету жүйесіне негізделген. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті затты алып, ақшасын арнайы жәшікке қалдырады. Дүкенде сатып алушыларды бақылайтын бейнебақылау камералары, тіпті күзет те жоқ. Дүкен жұмысы сатып алушылардың сенімі мен адалдығына негізделген. Мұндай дүкендер әлемнің бірнеше мемлекетінде бар. Пайдасы шаш етектен болмаса да, болашақ ұрпақты ізгілікке тәрбиелеудегі оң қадамдардың бірі екендігі сөзсіз. Әзірге тек бір білім ордасында орналасқан дүкенді алдағы уақытта Сырдың бас шаһарындағы барлық оқу орындарына енгізу жоспарда бар. Мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін дамытып, парасаттылық пен адалдыққа баулуға бағытталған. Бұл факторлар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға тікелей әсер етеді. 

Сурет qazaly.kz сайтынан алынды.