«Анаға апарар жол» фильмінің авторлары Мемлекеттік сыйлыққа ие болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2018 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Новый мир продакшн» ЖШС және Sataifilm компанияларымен бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фильмінің шығармашылық тобы лайық деп танылды.  

Жарлыққа сәйкес, фильмнің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Сатаев, Бас продюсері – Әлия Назарбаева, сценарий авторы – Тимур Жақсылықов, және актерлер – Алтынай Нөгербек пен Әділ Ахметовтың еңбегі еленді.

Сондай-ақ, әдебиет саласы бойынша «Алқоңыр дүние» өлеңдер жинағы үшін Тыныштықбек Әбдікәкімов, «Ана сыры» өлеңдер жинағы үшін Ақұштап Бақтыгереева, «Шуақты шақ» өлеңдер жинағы үшін Өтеген Оралбаев, «Абай» операсын қойғаны үшін «Астана Опера» опера және балет театрының ұжымы – Төлеубек Әлпиев, Алан Бөрібаев, Сүндет Байғожин мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанды.