Дикторлар үшін шеберлік сабақтары басталды

Бүгін «Алтын дауыс» дикторлар байқауының екінші кезеңіне жолдама алғандар үшін «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС-інде шеберлік сабақтары басталды.

Оларға сәттілік тілеген серіктестіктің Бас директоры Құрманбек Жұмағалиұлы тәуелсіз ұлт мәдениетінің мінбесі, рухани болмысы – тіл екенін еске салып, қазақ тілінің өзіндік қайталанбас ғажайып кескінін бұзбай оқу керектігін айтты.  

Алғашқы шеберлік дәрісті Қазақ радиосы мен телевизиясының ардагері, белгілі диктор Әбдірәлі Бөлебай өткізді.

«Қазақ радиосы – үлкен мектеп. Мұнда көптеген майталман журналистер, дикторлар қызмет атқарған. Сондықтан жастардың осы үнжария ұйымдастырған байқауда бақ сынап, шеберлік сабақтарына қатысуларының өзі үлкен мүмкіндік, үлкен тәжірибе. Жастар өте ынталы, білуге құштар. Сол мені қуантты. Мен оларға радионың тарихынан бастап, мұнда дикторларға қойылатын талап, міндеттермен таныстыра келе, өзімнің ұзақ жылдық тәжірибеммен бөлістім. Дикторлық қызметтің жауапкершілігі мен қыр-сырын ұғындыруға тырстым. Әрине, бір ғана сабақтан балалар көп нәрсе үйрене қоймасы анық. Сондықтан, біз оларға үйретуден шаршамауымыз керек»,- деді Әбдірәлі Бөлебай

Сабақтан кейін қатысушылар Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының студияларын аралап, журналистер мен дикторлардың эфирге дайындық жұмыстарымен танысты. 

Еске сала кетсек, шеберлік сабақтарына қатысқандар көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнері мен тіл тазалығына баса назар аударған көркемдік кеңестің шешімімен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 446 қатысушының арасынан іріктеліп алынғандар. Ал шеберлік сабақтары бойынша жоғары нәтиже көрсеткендер «Алтын дауыс» байқауының ақтық кезеңіне өтеді (Ақтық кезеңге қанша адам өтетіні әзірге құпия).