«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігінің қызметкерлері үздіктер қатарында

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы мен Қоры баспа, электрондық және аудиовизуалдық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасында «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» тақырыбына жариялаған ашық шығармашылық конкурсының үздіктері марапатталды.  

Аталған конкурстың мақсаты – елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсету, Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын танымал ету. 

Байқаудың «Үздік радиоматериал» аталымында «QAZAQ RADIOLARY» серіктестігінің қызметкерлері жеңіске жетті. Атап айтсақ, стратегиялық дамыту қызметінің продюсері Жанат Жанұзаққа 1-орын иегері ретінде 1 миллион теңге, Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі 2-орын иегері Бақытжан Жармұхамбетке 500 мың теңге, ал 3-орын иегері Астана радиосының редактор-жүргізушісі Ольга Асхожинаға 200 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде тапсырылды. Сондай-ақ, «Ел жүрегі – Астана» аталымында Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі Азамат Тілепов 2-орын алып, 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Одан бөлек, барлық жүлдегерлерге дипломдар мен төсбелгілер табысталды.

Конкурстың қорытындысын құрамына белгілі журналистер, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері енген комиссиясы шығарды. 

«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігінің ұжымы да үздік атанған радио қызметкерлерін шын жүректен құттықтайды!