ЕҚЫҰ қолдауымен Жастар құқықтық форумы өтті

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 70 жылдығына орай адам құқықтары мен ұлттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері тақырыбындағы ЕҚЫҰ қолдауымен өткен жастар құқықтық форумы Астана қаласында өз жұмысын қорытындылады. 

Форумды Астанадағы ЕҚЫҰ (Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы), Бағдарламалар офисі мен М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университеті Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен ұйымдастырды. 

Үш күндік іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова және Украинадан келген заң факультеттерінің 50-ге жуық студенті, сондай-ақ, халықаралық және ұлттық заң сарапшылары қатысты. Олар азаматтық, саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтарды қорғауға қатысты мәселелерді, соның ішінде, діни сенім бостандығын қамтамасыз ету, радикалды әрекет мен төзімсіздікті болдырмау, қылмыстарға қарсы тұруға байланысты халықаралық адам құқықтары заңнамасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша адам құқықтарына негізделген әдістемелерді талқылады. 

Іс-шара аясында заң факультеттерінің студенттері арасында сайыс өткізіліп, оның қатысушылары жаһандық қауіп-қатерлер тұрғысынан адам құқықтарын лайықты қорғаудағы қажетті шараларға қатысты өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.