Рухани жаңғыру көрінісі

Мәдениет пен өнерге бет бұрып, ел руханиятына үлесімді қосамын деген Қазақстан жастарының саны күн санап артып келеді. Мұның айқын көріністерінің бірі ретінде Астана қаласындағы «№1 Өнер мектебі»-нің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік кешті айтуға болады.  

Астанадағы №1 «Өнер мектебі»-нің бүгінде 600-ге жуық оқушысы бар. Мәдениет ошағы негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді, атап айтсақ: музыкалық, хореографиялық және көркемдік. Өнерпаздар тек қана би билеп, бейнелеу өнерімен айналысып, ән салып қана қоймай, сонымен қатар, ұлттық аспаптар домбыра мен қобызда, одан бөлек гитарада, фортепианода ойнап үйренеді. Сондай-ақ, өнер мектебінде оқушылар арасында көп қызығушылық туғызатын актерлық шеберлікке арналған арнайы сыныптар да бар. Жас дарындарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық өнер мен рухты ұлықтау, ел тарихын жастар санасына сіңдіру де өнер мектебінің негізгі мақсаттарының бірі.