Қызылордада уақыт 1 сағатқа кейін шегеріледі

Қызылорда облысында желтоқсан айының 20-нан 21-не қараған түні сағат 00:00-де жергілікті уақыт бір сағат артқа ауыстырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді. 

«Өздеріңізге белгілі, облысты бесінші уақыт белдеуінен төртінші уақыт белдеуіне көшіру, яғни, аймақтағы уақытты есептеудің қолданыстағы тәртібін бір сағат кейінге өзгерту аймақтың табиғи-географиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына қолайлы болып табылатыны жайлы облыс әкімдігінің ұсынысын Елбасы қолдады. ҚР Үкіметінің «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» 2018 жылғы 7 желтоқсандағы №817 Қаулысы қабылданды. Осыған орай, аймақ тұрғындарын жаппай хабардар ету жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Дегенмен де, жолаушылардың жолдан қалып қоюы, оқушылардың сабаққа ерте баруы сияқты келеңсіздіктерді болдырмау үшін сіздердің де жан-жақты ақпараттандыруға атсалуларыңызды сұраймыз», - деді Руслан Рүстемов. 

Ескертетін жайт, желтоқсан айының 20-нан 21-не қараған түні сағат 23:40-та облыстық телеарнада тікелей эфирден арнайы бағдарлама көрсетіледі.