«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі үздіктер қатарында

«Қазмедиа» орталығында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын Тұғыр-2018» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. 

Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін үстем етуді мақсат тұтқан жиында асқақ рухты дәріптеп, ұлттық спорт түрлерін насихатап, оның дамуына үлес қосқаны үшін «QAZAQ RADIOLARY» серіктестігінің құрамындағы «Shalqar» радиосы «Үздік радио» аталымында жеңімпаз атанды.

Биылғы жылғы ұлттық спорттың халықаралық бәсекесінде ел саңлақтары сан мәрте дара шықты. Атап айтсақ, Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында, Теңге ілу мен Құсбегіліктен ІІ Азия чемпионатында, Жамбы атудан XIV Әлем чемпионатында, Көкпардан, Тоғызқұмалақтан, Асық атудан, Қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген спортшыларымыз аз болмады.

«Алтын тұғыр» – жастарымызды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, өжеттікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын ұлттық спорттың дәстүрлі жиыны.