Қайырымдылық керуені «Сарқыт» акциясымен басталды

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мейірімділікпен бірлікке!» ұранымен ел азаматтарын қайырымдылық шараларына атсалысуға шақырды. Еліміздегі түрлі этностың басын қосқан бірегей ұйым 2019 жылды қайырымдылыққа арнапты. Қайырымдылық керуені «Сарқыт» акциясымен басталды. Сарқыт - қазақтың ежелден келе жатқан қуанышты бөлісетін, жақсылықтың жұғысты болуын тілейтін салт-дәстүр. 



Сарқыт қоржындары аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасыларға табысталды. Шараға жиналғандарды тебіренткен оқиға – тағдыр тәлкегімен «Аналар үйінде» қалған сәбидің шілдеханасы мен бөбектің тұсауын кесу рәсімі. Бүлдіршіннің тұсауын ҚХА төрағасының орынбасары Исламбек Салжанов кесті. ҚХА биыл әр айда ерекше акциялар тізбегін өткізеді. Қаңтарда – «Сарқыт», ақпанда – «Сыбаға», наурызда – «Шашу», сәуірде – «Асар», мамырда – «Қамқор», маусымда – «Тоқымқағар», шілдеде – «Ерулік», тамызда – «Жылу», қыркүйекте – «Көрімдік», қазанда – «Бата», қарашада – «Бес жақсы», желтоқсанда – «Кәде» акциясын өткізуді жоспарлап отыр.