Опера мен балет – өнердің шыңы

Балет – өнердегі күрделі жанр. Мазмұны музыкалық-хореографиялық образдар арқылы ашылатын спектакль. Балеттің негізгі элементтері халықтың музыка-би шығармаларымен тікелей байланыста туған. Қазақстандағы кәсіби балет өнері 20 ғасырдың 30 жылдары қалыптаса бастады. 1933 жылы Қазақ академиялық драма театры жанында музыкалық студия құрылды.

Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры – Қазақстанда тұңғыш ашылған кәсіби музыкалық театр. Бұл жерде Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова сынды майталмандар еңбек етіп тер төкті. Кейін Дәурен Әбіров, Зәуірбек Райбаев, Болат Аюханов сынды кәсіби мамандар балет өнерін дамытып, ұлттық музыкамыз бен мәдениетімізге жақындатты.

К. Байсейтова атындағы опера және балет театры 2000 жылы құрылды. Сол театрдың іргетасын қалауға еліміздегі ең мықты кәсіби мамандар жұмылдырылды. Соның бірі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев.

Тұрсынбек Нұрқалиев Қазақ радиосының «Өнер алаңы» хабарына сұхбат беріп, Қазақстандағы балет өнерінің бүгіні мен болашағы жайлы тарқата айтты.

«Тәуелсіз ел болдық, еңсеміз көтерілді дейміз. Елордамызда зәулім хан сарайындай театр ашылды. Алайда, кеудеңді қуаныш кернеп барғанда үнемі еуропалық қойылымдарды тамашалап қайтып жүрміз. Сонда мұндай өнер ұжымдары кімдерге қызмет етеді деген ойға қаласың. Әрине, басқа елдің мәдениетін білген жақсы. Бірақ театр репертуарынан Ғазиза Жұбановадай таланттың «Қарагөз» балетіне орын жетпегені қынжылтады. «Көш жүре түзеледі». Дегенмен, жігіт жасына жеткен театрға бұл үлкен сын» деп қорытындылады «Өнер алаңы» хабарының редакторы Толқын Сұлтанова.

Сұхбаттың толық нұсқасы хабар мұрағатында.