Қандай жерлермен жүруге болмайды?

Біз сіздерге төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кеңесін ұсынамыз. 

Көктайғақ салдарынан жарақаттанып қалмау үшін жүргенде әр қадамыңызды нық басып, асықпай жүріңіз. Асыққан кезде қауіп күшейеді: адамның тайып құлауы, сүрініп кетуі әбден мүмкін. Қолыңызда зат болмағаны жақсы. Қарт адамдар басында резеңкесі бар таяқ ұстағаны абзал.

Аяқкиіміңіз ыңғайлы болсын

Мұзда тайып құламау үшін әуелі биік өкшелі аяқкиім емес, ыңғайлысын киіңіз. Мұндай күндері табаны жұмсақ, таймайтын аяқкиім кигеніңіз дұрыс. Былғары мен пластик табан сырғанақ келеді. Аяқкиіміңіз тым тайғақ болса, оған поролон, пластырь, изолента жапсырып алуға болады.

Ал егер аяғыңыз тайып кетсе, тізені бүгіп, жүрелей қалу қажет. Құлап бара жатқанда домалап, жерге жұмсақ түсуге тырысыңыз. Қолыңыздағы затты сақтаймын деп әуре болмаңыз. Құлаған соң тез тұруға асықпаңыз, ешқандай жарақаттың жоғына көз жеткізіңіз. Тұра алмай қалған немесе жарақат алған жағдайда айналаңыздан көмек сұраңыз.

Көктайғақ кезінде арқамен, шалқасынан құлау – өте қауіпті. Бұл мидың шайқалуына, бастың ауыр жарақат алуына әкеліп соғуы мүмкін. Жарақат алған жағдайда дереу дәрігерге көрініңіз.

Қандай жерлермен жүруге болмайды?

Көктайғақ кезінде жүріп келе жатқан көлікке жақындамаңыз. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге аялдама, баспалдақ, табалдырық адамдардың ең көп құлайтын жері екенін ескеріңіз.

Толық ақпарат хабардың аудионұсқасында.

«Керек дерек» хабарын әр бейсенбі сағат 9:35-те Қазақ радиосының әуе толқынынан тыңдай аласыз.