Гүлмира Сарина: Жамал Омароваға еліктеген жоқпын

Қазақ радиосындағы «Сал домбыра» хабарының 20 ақпандағы эфиріне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Гүлмира Сарина қатысты. 

Гүлмира Айымғазықызы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мектеп, колледж, академиясының үшеуінде де сабақ беретінін айтты. Ұлттық классикалық ән өнеріндегі шәкірт тәрбиелеу мәселелеріне, әсіресе арнайы әдістемелік құрал туралы пікірін білдірді. Халық әнін айтушыларға дауыс қоюға арналған методология қажеттігін алға тартты. Тікелей эфирде әндер шырқады. Тыңдармандар көбіне Гүлмираның авторлық әндерін орындап беруін сұрады. Әнші ұлттық ән өнерінде жүрген өнерпаздың кез келген әнді табан астында халықтың сұрауымен шырқай алатындығын дәлелдеді. Өзі дайындап келген әндерді ысырып қойып, халықтың сұранысына қарай ән салды. 

Кішкентай күнінде Қазақ радиосынан халық және халық композиторларының әндерін тыңдап өскендігін айтты. Әншінің анасы мен әкесі де ән салған, ауыл кештерінің көркі болған екен. «Дауысым анама ұқсайды» деген әнші тыңдаушылардың Жамал Омарова, Рабиға Есімжановалардың дауысына ұқсатып жататындығын да жасырмады. 

Ұстаздыққа мақсатты түрде ден қойған әнші қыз балалар мен ер адамдарға арналған арнайы репертуар тізімін жасау қажеттігін – ұлттық ән өнеріндегі өзекті мәселе ретінде атады.