Мың алғыс

«Шалқар» радиосындағы «Құтты қонақ» бағдарламасының кезекті саны – «QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі ұйымдастырып жатқан «Қайырымдылықтан қалыс қалма! Алғысқа бөлен!» радио-марафонының аясында өтетін «Мың алғыс!» қайырымдылық шарасына арналды. Студия қонағы: «Мың алғыс» бағдарламасының жүргізушісі Амангүл Ермекқызы.

1 наурыз – Алғыс айту күні болып бекітілгені баршаға мәлім. Осы айтулы күнге орай «QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі 2018 жылы «Мың алғыс» қайырымдылық концертін өткізген болатын. Мейірімнің үлгісін көрсеткен игі жоба биыл Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге ұйымдастырылып отыр. Осы жобаға байланысты «QAZAQ RADIOLARY» серіктестігі 11 ақпаннан бастап «Қайырымдылықтан қалыс қалма! Алғысқа бөлен!» радио-марафонын жариялады.

Бағдарлама барысында «Мың алғыс» концертінде көмек көрсетілетін кейіпкерлерге жеке тоқталып, жобаның басты ерекшелігі айтылды. Мәселен, радио-марафон аясында жарық дүниені сезбей келген 1 жасар Толғанай Бауыржанқызына, құрылыс нысанынан құлап, омыртқасына зақым келген Жандос Берікұлына, абайсызда тілсіз жаудың құрбаны болған Жансая Пішенбаевқа көмек көрсетіледі. Ал «Мың алғыс!» концертінде аш ішегі зақымданған Әділет Арыстанның еміне көмек сұралады.

Сонымен қатар, талай жыл бір-бірінен көз жазып қалған «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының кейіпкерлері жақындарымен табысады. Кешке елімізге танымал өнер жұлдыздары қатысады.