Бесік жыры – тәрбиенің кәусар бұлағы

Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ екен. Бақсақ, бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп санайды. «Көңіл көзі» хабарында осы тақырып қаузалды.

Әдебиет зерттеушілері бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі дейді. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.

«Қазіргі уақытта жаңа отбасын құрған жас аналар бесік жырын айтуды ұмытып бара жатқан сыңайлы. Бірі қалай айтуды шынымен білмейтін болса, бірі ескермейді. Ал бала жақсы азамат боп өсіп-жетілуіне бесік жырының әсері мол»,- дейді дәстүрлі әнші, домбырашы Айгүл Қосанова.

Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие. Атам қазақ өмірге келген әрбір баласына бесік жырын айтып, қазақтың ән құдіретін ертеден бойына сіңіре білген. Мамандар бесік жырын суырып салма және дәстүрлі бесік жырлары деп екі топқа бөледі. Дәстүрлі бесік жыры барлық жерлерде мазмұны мен әуені өзгертілмей орындалатын жыр болса, суырып салмада адам өзінің өнерін, ішкі мұң-сырын, сол кезеңнің болып жатқан жағдайларын жырға қоса балаға айтқан. Мысалы, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова бесік жырын айтқанда суырып салма өнерін қолданады.

Толық ақпарат аудионұсқада.

Хабарды дайындаған Альмира Елімсары.