«Алпамыс батыр» жыры

«Алпамыс батыр» қазақ елінде ерте заманнан келе жатқан көп эпостың бірі. Фольклор зерттеуші Мәлік Ғабдулин: «Бұл жыр көне эпостардың бірі болғанымен тек 19 ғасырдың аяғында ғана хатқа түсіп, баспа жүзінде тарады» ,-деп жазған екен. Жалпы «Алпамыс батыр» қазақ халқының қаһармандық эпосы. Халық арасында кең тараған Алпамыс жырының бір ерекшелігі бұл жыр түркі халықтарының көбіне ортақ.  

«Алпамыс батыр» жыры халық аузынан 19 ғасырдың аяғында жазылып алынған. Бірінші рет басылуы - 1896 жыл. Ең соңғы толық варианты 1957 жылы жарық көрді.  

«Алпамыс батырда» қазақтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар әсерленіп беріледі. Жырда талай заманның түсінігі мен дүниетанымы жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, 17-18 ғасырдағы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады.  

Зерттеушілер «Алпамыс батыр» жырында көне дәуірдің салт-санасы, ғұрпы, неғұрлым айқын бейнеленгенін атап өткен. Жыр дәл қазіргідей бүтіндікке замандар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Әсіресе, жырдан батырлық ертегілердің жігі айқын байқалуы эпосты ең байырғы туындылардың бірі деп есептеуге мүмкіндік береді.  

Қазақ радиосындағы «Дала фольклорының антологиясы» хабарында «Алпамыс батыр» жырынан үзінділер берілді. 

Хабардың редакторы- Жанат Жанұзақ.