Күніне бір кітап оқуды қалай әдетке айналдыруға болады?

Басқа қабілеттерге қарағанда, жылдам оқу қабілетін ең аз уақытта меңгеріп алуға болады.  

Орта есеп бойынша, ересектер минутына 120–180 сөз оқи алады. Стандартты бір кітапта шамамен 60–100 мың аралығында сөз кездеседі. Егер орташа жылдамдықпен минутына 150 сөзден оқысаңыз, 80 мың сөзі бар кітапты тоғыз сағатта оқып бітіресіз. Ал жылдам оқу тәсілдерін үйреніп алсаңыз, бұдан да ерте оқып бітіруіңіз мүмкін.

Перифериялық көру қабілетін арттырыңыз

Яғни, бір сөзді көріп тұрғаныңызбен, қасындағы сөздерді де көре алу қабілетін дамытыңыз. Перифериялық көру қабілетін арттырсаңыз, оқу жылдамдығын да үдетуге болады. Қабылдау аймағын кеңейту 300%-ға дейін жылдамдығыңызды арттыруға мүмкіндік береді.

Тарауларды оқып шығыңыз

Тарау атауларына, бастапқы абзацқа және ортаңғы, соңғы мәтіндерге көз жүгіртіп шықсаңыз, автордың не жайлы айтпақ болғанын түсінесіз. Бұдан кейін тараушаларға қарап шығыңыз. Бұл да мәтін мазмұнын тез қабылдауға көмектеседі. Әр абзацтың бірінші және соңғы сөйлемін оқыңыз. Егер негізгі ой түсінікті болса, ары қарай ілгерілей беріңіз. Түсіну қиынға соқса, мәтінді толық оқыңыз. Мұндай тәсілді көркем шығармаларды оқу кезінде қолдана алмайсыз. Егер туынды идеясын меңгергіңіз келсе, бұл таптырмас амал болмақ.

Маңызды бөліктерін белгілеңіз

Жоғары жылдамдықпен оқығанда көп ақпарат есте сақталмайды. Сол себепті маңызды деп санаған тұстарын белгілеп отырыңыз. Яки, қойын дәптеріңізге жазып алыңыз.

Бір минутыңызды да бос өткізіп алмаңыз

Көлікте, кептелісте, кезек күтіп тұрғанда кітап оқудан еш қысылмаңыз. Айналаға мән бермей, пайдалы іспен айналысуды жалғастырыңыз. Егер уақытыңыз тым тығыз болса, аудиокітаптарды тыңдаңыз. Бір кітапты соңына дейін тыңдасаңыз, бұл әдет Сізге ұнап қалары анық.

Толық ақпарат хабардың аудионұсқасында.

«Керек дерек» хабарын әр бейсенбі сағат 09:35-те Қазақ радиосының тікелей эфирінен тыңдай аласыз.