Қазақстандық ауыр атлет әлемдік рекорд орнатты

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір спортшымыз жеңімпаз атанды. 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сайхан Тайсуев чемпион атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартты.

Жұлқа көтеруде 127 келіні, серпе көтеруде 161 келіні еңсерген Тайсуев қоссайыс қорытындысы бойынша 288 келіні бағындырды. Бұл өз қатарластары арасында әлем чемпионы атану үшін жеткілікті көрсеткіш еді. Одан бөлек, Сайхан Тайсуев серпе және жұлқа көтеруден кіші алтын жүлдені де өз еншісінде қалдырды.  

Қазақстандық зілтемірші серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордына да түзету енгізді. Бұл Қазақстан спортшыларының әлемдік сындағы екінші алтын медалі. Бұның алдында Ақмолда Сайрамкез 61 келіге дейінгі салмақта топ жарған болатын. Сондай-ақ жарыстың соңғы күндерінде Қазақстан атынан Сәпи Есенкелді, Ольга Пастухова, Рахат Бекболаттар сынға түсіп, чемпион атанды. Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы АҚШ-тағы әлем чемпионатын 5 алтын медальмен аяқтап отыр. Лас-Вегасқа аттанған бес спортшының бесеуі де әлем чемпионы атанды.

Осы және өзге де спорт жаңалықтары Қазақ радиосының «Топжарған» хабарында айтылды.

Толық ақпарат аудионұсқада.

Хабардың редакторы- Азамат Жомартұлы.