Өмірін өнерімен өрнектеген

Қазақ радиосының эфирінен берілетін «Өнер алаңы» хабарының кезекті шығарылымы саналы ғұмырын музыка өнерін және еліміздің мәдениет саласын дамытуға арнап келе жатқан ҚР еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық музыка академиясының профессоры Бекболат Төкешұлы Байсағатовке арналады.

Бекболат Байсағатов 1958 жылы ШҚО-да туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын флейта аспабы бойынша бітірген. Бекболат Байсағатовтың мәдениет саласында мол тәжірибесі бар. Симфониялық оркестрдің әртісі, концертмейстер, Қарағанды облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің директоры қызметтерін атқарған. Астана қаласындағы Мемлекеттік филармонияның бас директоры болды. Астана қаласы мәдениет басқармасының бастығы, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының мәдени бағдарлама бойынша дирекциясының меңгерушісі, «Астаналық цирк» ҚМКК бас директоры қызметінде болды. Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өнер және шығармашылық факультетінің деканы болып қызмет етіп жүр.

Хабарда Бекболат Төкешұлының Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын флейта аспабы бойынша бітіргеннен кейінгі еңбек жолы, сол кезең мен қазіргі кездегі өнер саласының айырмашылықтары салыстырмалы түрде баяндалады. Сонымен қатар, қазіргі кино саласында симфониялық оркестрді пайдаланбай, көбіне электронды музыканы қолдануы кәсібиліктен алшақтататыны жөнінде сөз қозғалады. Елімізде концерттік залдардың жанды дауысты музыка тыңдауға жарамайтыны да назардан тыс қалмайды.

Хабардың толық нұсқасын аудиодан тыңдай аласыздар.

Сұхбатты жүргізген Толқын Сұлтан.