ҚР тұңғыш Президенті мен Мемлекет басшысы Наурыз мейрамына арналған шараға қатысты

Бүгін қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде тойлап жатыр.

Астанадағы басты мерекелік шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, халықты Наурыз мейрамымен құттықтады.


Біздің жаңалықтар барлық жерде қолжетімді «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументінің маңайы бүгін ерекше шырайлы. Этноауылға ертемен ағылған халықтың легі қалың. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен мерекелік алаңға арнайы келіп, қазақ елін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Шадыман шаттығын жетелеп келген әз-Наурызда отау құрып, болашаққа бірге қадам басқан жас жұбайлар да алаңда жүр.Елбасы оларға ақ батасын берді.


Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті:

- Нан көп болсын, ақ мол болын! Өте үлкен шешім қабылдап тұрсыздар. Махабаттарың еш уақытта сөнбесін. Жолдарың ашық болсын! Ата-аналарыңды ренжітпеңдер.

Егемендіктің жемісі болған әз-Наурыз ұмыт қалған дәстүрлерді жаңғыртуымен ерекшеленіп келеді. Жыл сайын айрықша тойланатын көктемнің көрікті мерекесі бірлік пен берекенің символына айналды. Осы күні мерекелік алаң қазақтың өмір салтынан көрініс берді. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар қойылды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар көрсетіліп, жастар ұлттық спорт түрлерінен сайысты.

Наурыз – алыс-жақынды ағайынмен қауыштыратын мереке. Бұл күні елордаға елдің түкпір-түкпірінен бөлек, шетелден ағылған қонақтар мен қандастар да көп болды. Ұлыстың ұлы күні еңселі елордада осылайша кең көлемде аталып өтуде. Жалпы, Наурыз мейрамы жалпыхалықтық сипатқа ие болағанын бүгінгі мерекеге жиналған халықтың нөпірі айғақтап тұрғандай. Мерекелік шаралар легі осымен тәмамдалмайды. Алдағы күндері де жалғаса бермек.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: Kaztrk.kz