Алғыс арқалаған қор

Қазақ радиосының «Мың алғыс» хабарында «Уақып» корпоративтік қорының президенті Қайрат Мұратұлы қонақта болды.

Қайырымдылық ұйымы ретінде 2017 жылы құрылған «Уақып» корпоративтік қоры діни бірлестік қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, жұмыс сапасын көтеруді, әлеуметтік жобаларды қаржыландыру арқылы игі істерді жүзеге асыруды мақсат етеді. Бұл жолда атқарылған іс аз емес, алдағы күнге жоспарланған жобалар да көп. Мысалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тұрғын үйін жөндеуге атсалысатын «Ақ босаға», жол салу жұмыстарына көмек көрсетуге негізделген «Ақ жол» және шалғай ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақ бұлақ» жобаларын атап айтуға болады. Қор Түркия, Өзбекстан мемлекетіндегі әріптестерімен де байланыс орнатып үлгерді. Бұл туралы Қор президенті Қайрат Мұратұлының «Мың алғыс» хабарына берген сұхбатынан тыңдай аласыздар.

Естеріңізге сала кетейік, «Уақып» корпоративтік қоры  «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ»  серіктестігі ұйымдастырған «Қайырымдылықтан қалыс қалма, алғысқа бөлен» радио-марафонына қолдау көрсеткен еді. Қорға жиналған қаражат кейіпкерлердің есепшотына аударылды. Олар алғашқы емдеу шараларын бастап та кетті. Толғанай Бауыржанқызы мен Жансая Пішенбаевқа наурыз айында Ресейде операция жасалды. Ал абайсызда құрылыс нысанынан құлап, жұлынына зақым келген Жандос Берікұлы елордадағы клиникалардың бірінде емделуді жоспарлап отыр. Хабар барысында кейіпкерлер қайырымды жандарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, тікелей эфирге хабарласып, жағдайын айтқан Гүлзина есімді тыңдаушыға Қайрат Әзімұлы қолдан келгенше көмектесетінін тілге тиек етті.

Хабардың редакторы- Амангүл Ермекқызы.