Сарбаздан хат келді...

...Ертеректе Әйтімбет деген шешен болыпты. Бірде, Әйтімбет шешенге замандастары: 

 -Осы, достықтың неше түрі бар? – деген сұрақ қояды. 

Сонда Әйтімбет шешен:– Достың екі түрі болады. Бірі — адал достық, екіншісі — амал достық, – дейді.

Дұрыс-ақ. Енді оларды қалай ажыратамыз... дегендерге:

– Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – деп жауап берген екен. 

Иә, «Жолдасы көптің – олжасы көп» дейді халық даналығы. Біздің хабарға келген хаттың біразын досын іздегендер, әскери борышын бірге өтегендер жазады. Шынымен де ағаш тамырымен, адам досымен мықты ғой. Бүгінгі хабарымыз Отан қорғаушылар күніне арналды.  

Ұлттық ұлан сарбаздары жазған хаттар естіген жанды тебірентпей қоймасы анық. Назарларыңызға сол екі хатты ұсынып отырмыз. 

Алматы қаласындағы «Ұлттық ұланның» №7552 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан қатардағы Төлеухан Алмаз Серікұлының Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе аулында тұратын ата-анасы Серік Самытов пен Рауза Дүйсеноваға жазған хаты:

Амансыздар ма, қымбатты менің әкешім-анашым! Хал-жағдайларыңыз, денсаулықтарыңыз қалай? Інілерім Нұрислам мен Әділханның, қарындасым Еркежанның халы қалай? Оқулары жақсы ма? Ал өзіме келсем, менің жағдайым жақсы. Қызмет ойдағыдай! Алматы өңіріне көктем келіп, күн жадырап тұр. Енді бір жарым айда, Алла қаласа, қызметімді аяқтап, үйге ораламын. Биылғы туған күнімде, бұйыртса үйде боламын. Ұлттық ұлан қатарында қызмет еткенімді әрқашан мақтан етемін. Мен үшін әскер — үлкен мектеп болды. Ең бастысы, ең жақын адамдарым, ата-анам, бауырларым, туыстарым және туған жерімді бұрынғыдан бетер қадірлей түстім. Уақыттың да қадірін білдім, еңбектің наны тәтті дегенді түсіндім. Әскерден мен мүлдем басқа адамдай, өмірге жаңаша қарайтын азамат болып ораламын! Әскерден үйге орлатын менің сыныптастарым да солай ойлайтын болу керек... Мама, папа, мен сіздерді әрқашан құрмет тұтамын! Көріскенше, аман-сау болыңыздар!  

Сәлеммен, ұлдарыңыз Алмаз.

Бұл хат Алматы қаласындағы Ұлттық ұланның жетпіс жылдан астам тарихы бар ең байырғы әскери бөлімінен жолданып отыр. 

***

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы «Ұлттық ұланның» құтқару міндеттерін атқаратын №28237 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан қатардағы Оразтай Арман Серікұлының әкесі Серік Оразтайұлы мен анасы Сәния Оразқызына жолдаған хаты:

Сәлем бердік, құрметті папа, мама! Хал-жағдайларыңыз қалай ? Мама, ауырмай, жақсы жүрсіз бе? Мені уайымдай бермеңіз. Менің хал-жағдайым жақсы. Мен ер жігітпін ғой, Отан алдындағы борышымды өтеуге келдім. Бұл — менің міндетім. Сондықтан, мама, Сіз көп алаңдап, ойлай бермеңіз! Менің қызметім жақсы. Әскерге келгенім кеше сияқты еді. Міне, жарты жылдан астам уақыттың қалай өткенін байқамай да қалыппын. Әскери қызмет өте қызықты. Үйренгенім көп, жолдастарым да көп. Командирлер бізге барынша көп білім беріп, мықты, төзімді, шыдамды болуға тәрбиелеуде. Әскердің тәртібі мені шыңдай түсті. Ұлттық ұлан сарбазы болғаныма қуанамын. Ұландағы қызметім менің болашақ өміріме үлкен жолдама болатын болды. Отан қорғаушылар мерекесі де келіп қалды. Бұрын бұл мерекеге басқаша қараушы едім, енді оның маңыздылығы мен мәнін жете түсіндім. Мен нағыз Отан қорғаушы ретінде 7 мамыр мерекесіне бұдан кейін ерекше ықыласпен қарайтын боламын. Өзім туралы қысқаша осылай. Ауыл-аймақ аман ба? Хромтаудағы жақындар, Ақтөбедегі тумаластардың хал-жағдайлары қалай? Бәріне менен сәлем айтыңыздар!

Сәлеммен, ұлдарыңыз Арман Серікұлы.

Алматы облысы, Ұзынағаш аулы.  

***

Қазақ радиосының тыңдарманы Лесбек Қылышбеков 23 сәуірдегі хабарымызға қоңырау шалып, әскери борышын бірге өтеген досы – Айтжан Тойбаевқа іздеу салған болатын. Айтжан аға табылды. Екі дос 1974 жылдан бері кездеспеген. Олар 1972-1974 жылдары Ленинградта, одан кейін Жамбыл облысында əскери міндетін бірге өтеген достар. Содан бері арада 45 жыл өте шықты. Қазақ радиосы екі достың арасындағы алтын көпірге айналып, олар бүгін тікелей эфирде тілдесті. Мерейлі мерекеде достарға осындай тосынсый жасадық. Қуаныштарыңызға ортақпыз! 

***

Cондай-ақ, «Бармысың, бауырым?» хабарына алғыс айту үшін Алматыдан Нұрғали Жанғозиев қоңырау шалды. Нұрғали аға «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі ұйымдастырған «Мың алғыс-2019» концертінде досы Қанат Сәрсенбаевпен 40 жылдан кейін сахнада қауышты. Екі дос осыдан 40 жыл бұрын Германияның Йена қаласындағы №472/63 әскери бөлімшесінде отан алдындағы борышын бірге өтеген. 

***

Бүгінгі хабардың толық нұсқасын көру үшін мына сілтемені басыңыз: https://www.facebook.com/qazaqradiosy/videos/673761359704105 Студияның байланыс нөмірі: 8(717-2)75-72-75, whatsapp желісіндегі нөміріміз: 8-707-53-55-383. Жақыныңызды іздеп жүрсеңіз, "Бармысың, бауырым?" хабарының студиясы əрдайым ашық. Сонымен қатар, бізді Youtube, Facebook әлеуметтік желілерінен де тікелей эфирден көре аласыздар. Видеоэфирден біз іздеу салған адамдардың фотосы көрсетіледі, егер сіздер көрген, танитын адамның суреті кездессе, бізге хабарласыңыздар, хат жолдаңыздар.

***

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Фатихұлына және Ұлттық ұланның Баспасөз қызметіне алғыс білдіреміз. 

Отанға адал, халқына қайырымды, отбасына мейірімді жандардың мерекесі құтты болсын! 

Қырандай қырағы қазақ жігіттері барда, әр күніміз мереке ғой. Сіздерге бақтың баяндысын, дәулеттің көл-көсірін, ырыстың молын, шаттықтың мәңгілігін тілейміз! 

***

Жақыныңыз жаныңыздан табылсын! 

Əр шаңырақта Қазақ радиосы қосулы болсын! 


#қазақрадиолары 

@qazaqradiosy 

www.qazradio.fm 

#БармысыңБауырым