Халық әндеріне «ремейк» керек

Жиын-тойда «Әу, демейтін қазақ жоқ» деген сыңайда бірін-бірі қолқалап, делебесін қоздырып, мәртебесін оздырып, ән салушының әуелі көңіл күйін, шабытын үстемелеп, жағалай жамырап қолпаштау арқылы сауықшыл жұрттың өзі де сонымен қосыла мерейленетіні, желектей желпінетіні қазаққа тән құбылыс еді.

Хайдолла Тілемісов ағамыздың құрасыуымен 1991 жылы жарық көрген «Ауыл кеші көңілді» ән жинағына 90-ға жуық халық әні енген екен. Ал Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» музыкалық-этнографиялық жинағына сүйенсек, мұнымыз таудың жанындағы төбешіктей көзге ілінбей қалатыны сияқты мардымсыз әсер қалдырады. Мұны сол кездегі Совнаркомның төрағасы Сәкен Сейфуллин А.Затаевичке қомақты ақша бөлдіріп шығартқаны тарихтан мәлім. Оған халқымыздың барлық зиялы қауымы атсалысқан. Мысалы, Қаныш Сәтбаев жиырма ән жаздырса, Ахмет Байтұрсынұлы да өз тарапынан жиырмаға жуық әннің атын ендірген екен. Ал енді соның ішінен естіп жүргендеріміз, білетініміз, теңіздің тамшысындай там-тұм ғана. Жұртшылыққа «Ақбақай», «Назқоңыр», «Япыр-ай», «Дайдидау», «Бір бала», «Әупілдек», «Әпитөк», «Қара торғай», «Шилі өзен», «Қамажай», «Ахау, Семей», «Дедімай-ау», «Гүлдерайым», «Сары бидай», «Үкілім-ай», «Құдаша», «Әдемі қыз», «Сары жез құмған-ай», «Қоғалы-ай» сияқты бар-жоғы жиырма шақтысы ғана мәлім де, ал біздің дәуірімізде жарық көрген жинақтағы 60-70-тейі көзі ашылмаған бұлақтай амалсыз тұншығып қала берген сыңайлы. Мысалы, кейінгі ұрпақ мұндағы «Аққұм», «Ардақ», «Екі жирен», «Баянауыл», «Шапибай-ау», «Қарға», «Кәмилә», «Жеңеше», «Шіркін, әннің бұлбұлы-ай», «Ой көк», «Топ шеңгел» әндерін біле ме? Әй, қайдам-ау. Ол түгілі өзіміз «Су ішінде метре», «Сұлу қыздың сыны», «Ідігай», «Жан қалқатай», «Абайкөк»... кімнің әні десе, қапелімізде не дерімізді білмей абдырап қаламыз. Осыларды эстрадалық, фольклорлық, симфониялық, камералық тұрғыда қайта өңдеп, тірілтсек, қолымыздан кім қағып отыр? Шіркін, бұл идея жүзеге асса, осы арқылы бұлардың өнегелік, тәрбиелік мәні ашыла түсер еді-ау.

Толығырақ «Медиа шолу» хабарының аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.

Хабардың редакторы: Нұртас Нұрғали.