Ақтөбеден – Арысқа

Ақтөбе облысы Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты 5 млн теңге қаржы және 24 тонна азық-түлік жөнелтті.

Бұл жайында бүгін Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша, бірінші орынбасары Рахат Мәжитұлының төрағалығымен гуманитарлық көмек көрсету бойынша арнайы штаб құрылған. Штаб құрамында облыс әкімдігінің басқарма басшылары, «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облысы бойынша бірінші орынбасары бар.

«Төтенше жағдай орын алғалы Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасы бойынша тиісті жұмыстар басталып кетті. «Арыспен бірге» акциясы аясында тарапымыздан 2 үлкен жүк көлігімен 24 тонна азық-түлік және құрылған қор есебіне 5 млн теңге қаражат аударылды, сонымен қатар, 20 млн теңгеге құрылыс материалын жіберуге дайын отырмыз», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов. Сондай-ақ, ол төтенше жағдайдан зардап шеккендердің арасында жас балалардың барын, олардың демалыс орындарында тынығуына да көмек көрсетілетінін атап өтті.

«Әзірге Арыс қаласының тұрғындары түгел эвакуацияланғандықтан, азық-түлікті Шымкент қаласына жіберетін боламыз. Тиісті қоймаларға тапсырылып, жауапты мамандар тұрғындарға таратып беретін болады», - деді Рахат Сыдықов.

Ақпарат Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Ғани Жапишовтың Facebook-тегі парақшасынан алынды.