«Тоғыз тарау»

Қазақтың атақты күйші-қобызшысы, композитор, қылқобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының биыл туғанына 176 жыл.

Ықыластың өскен ортасында күйшілік өнер айрықша әспеттелетін дәстүрге айналып, дәулескер күйшілердің қалың шоғыры қалыптасқан. Тәттімбет, Сары,Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сияқты күйшілердің Ықылас бірінің даңқын естіп, күйін құлағына құйып өссе, келесісінің көзін көріп, қадірлес сыйлас болған. Бұл ортада бағзыдан жеткен теріс бұрау күйлері ұшталып, өрісін ұзартқан. Ықылас болса сол ұлы дәстүрді қобыз тілінде жалғастырушы дәулескер күйші. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар композитор.

Кештің мақсаты – насихатталуы кемшін дәстүрлі музыка мен оның танымал тұлғаларының бірі - Ықылас Дүкенұлының шығармаларын тыңдарман назарына ұсыну және ол туралы тың деректерді рухани айналымға қосу. 

Кешке белгілі өнер адамдары, музыкатанушы ғалымдар, күйшілер, әншілер және Ықылас Дүкенұлының ұрпақтары қатысып, Ықылас Дүкенұлының шығармалары тыңдарман назарына үсынылмақ. Ықылас Дүкенұлы туралы 1993 жылы «Қазақтелефильм» түсіріген «Ықылас» атты деректі фильм көрсетіледі.