«Таңғы қонақ» айдарының мейманы – Ләйлім Рысқали

Елорда тұрғыны тоғыз жасар Ләйлім «Шалқар» радиосының «Таңжарық» хабарында қонақта болды. Ол Абайдың өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын Англиядағы Leicester University-дің түлегі, PR-manager Шынар Шәкеннен қабылдап, оны жалғастыруды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиевке жолдаған болатын. Ләйлімнің мерейін асқақтатып, мемлекет басшысы бірінші болып «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып, жауап берген еді.  

Абайдың 70 өлеңін жатқа білетін балдырған тілегіне Президенттің үн қатқанын алғаш әкесінен естіпті. «Қасым-Жомарт Кемелұлының жұмысы өте көп. Менің эстафетамды жалғастыруға уақыты бола ма, болмай ма деп көп қобалжыдым,» - дейді ол.

Әр сауалға толыққанды жауап беріп, Абай өлеңдерін мүдірмей жатқа оқыған Ләйлімге риза болған тыңдармандарымыз батасын берді.