Ән кемеңгері – Кенен Әзірбаев

«Өнер алаңы» хабарының кезекті саны артына өшпес мұра қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағының мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Əзірбаевқа арналды. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 135 жыл толып отыр.

Елбасымыз Н.Назарбаев жырау туралы «Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантымен шуағын төкпеген бірде-бір айтулы оқиға болған жоқ. Оның тамаша, өшпес туындылары бүгін де осы өшпес жауапты, құрметті сапта тұр» деген еді. 

Кенен Әзірбаев әндерінің өміршең болатын себебі, сан алуандығынан деп ойлаймыз. Бір әні екіншісіне ұқсамайтын әрқайсы кесек-кесек туынды. Екінің бірі орындай алмайтын ерекше иірімдері қазақ әнінің шоқтығын биіктетіп тұрғандай. Кең диапозонда шырқалатын әндерден қазақ даласының кеңдігі, тұрмыс-салты, қуанышы мен қайғысы сезіліп тұрады. Әсіресе, «Бозторғай» әнін тыңдасаңыз өзгеше күй кешесіз. Не деген шеберлік, не деген иірім?! Сондықтан да болар әншілер бұл әнге өте сақтықпен қарап, бұл әнді орындауға жүрегі дауаламаған. Бұл ән жаңа өңдеуде, эстрада жанрында Саят Медеуовтың орындауында өте сәтті шықты. Оның себебі, әнші Саят Кенен атамызға туыстық жағынан өте жақын. Жастайынан Кенен әндеріне сусындап өскенінен болар.

Хабарда Саят Медеуовтің орындауындағы “Бозторғай’’ және Кенен атамыздың өз орындауында «Мөртай сұлу» және «Көкшолақ» әндері орындалады. Ұлықтайтын ұрпағы тұрғанда, ән мен жыры, дастандары ел аузында мәңгі сақталады.

Толығырақ аудионұсқадан тыңдай аласыздар.

Хабардың редакторы: Толқын Сұлтанқызы.