Ертегі – ауыз әдебиетінің ықылым заманынан келе жатқан көне де мол мұрасы. «Бұрынғы өткен заманда, ерте-ерте, ертеде...» деп басталуынан да оның атам заман туындысы екенін аңғару қиын емес. Ертегілерде халық басынан кешкен ғасырлар ізі жатыр. Оларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, тарихы, қилы да қиын асулары, жақсылық пен жамандық, батырлық пен ізгілік оқиғалары, халықтың мүң шері, арман-мұраты бейнеленген.
Ал, оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі ауқымды. Ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық әдеби қазына. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау.
Қазақ радиосы әр күн сайын кешкі 21:45-те балаларға арнап "Ертегі" ұсынады. Біз әр ертегі арқылы ата-бабаларымыздың ой-қиялдарын, тұрмыс-салтын, тіл байлығын білеміз. Әр ертегі тұнып тұрған тәрбие құралы. Олар баланы адалдыққа, тапқырлыққа, адамгершілікке тәрбиелейді.