Миллиондардың ішінде бірі бағалы затын, енді бірі алтын уақытын жоғалттым дейді. Бірақ, ең ауыры — жақын адамыңды жоғалту. Із-түссіз кеткен адамды айлап, жылдап іздеу, сарылып хат-хабар күту оңай емес. Үміт – шексіздік белгісі десек, жаңылмайтынымыз анық. Дүбірге толы дүниенің тізгіні мейіріммен, қамқорлықпен өрілсін деп, тағы бір хабарымызды сүйіншімен бастадық!
Туыстарын іздеп жүрген Фирдавис Латыпов нағашысы Розалия Малиховамен Қазақ радиосының әуе толқынында 30 жылдан кейін табысты. Нағашысының дауысын 30 жылдан кейін естіген Розалия жылап алды...
Фирдавис Латыпов 1962 жылы Башкортостанның Старая Уразаево ауылында дүниеге келген. Ол 1989 жылы Мәскеу-Алматы пойызына мініп, алыс жолға шығып кеткен. Құжатын жоғалтып алған. Қазақстанға не үшін келгенін түсіндіре алмады. Ең бастысы, фирдавистің Қасым, Фарид деген ағалары, жездесі Юлай, әйелі Гүлнар, қызы Ляйсан және нағашысы Розалия табылды.
Фидавис Латыпов Ақтөбе қаласындағы Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығына орналасты. Осы орталықтың Директоры Сабырғали Құмарұлы Дәулетовке, Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Райса Абілтайқызы Дармышеваға және Фидависті жетектеп осы орталыққа апарған Дәурен Тілегенұлы Сұлтан деген азаматқа алғыс білдіреміз. Өзгенің басындағы проблемаға бей-жай қарамайтын жандардың қатары көбейе берсін!
Хат қоржыны:
1. Менің есімім –Талғат Қайратұлы. Мен анамды iздеймiн, аты-жөнi –Айжан Данилқызы Дюсенова, ол 1973 жылғы. Балалар үйінен алған ақпарат бойынша, анам Павлодар қаласының тұрғыны деп бiлемiн. Мен өзім Семей қаласынанмын, дүниеге келгелі анамды көрген емеспін. «Анашым, бар болсаң хабарласшы. Мені балалар үйіне неге өткіздіңіз, ол жағы маған белгісіз, өйткені оның жауабын сізден басқа ешкім білмейді ғой. Бірақ, қандай жағдай болса да, мен сізді кешiремiн. Қазір жасым 22-де. Біреуден ақыл да, ақша да сұрайтындай халде емеспін. Бар арманым – сізбен қауышу...»,- депті Талғат. Жер бетінде қаншама адам болса, сонша тағдыр бар... Айжан Данилқызы, сіз де ұлыңызды бір көрсем деп жүрген боларсыз. Аналық махаббат пен мейірімге шөлдеп, күн сайын сізді іздеп, күтіп жүрген ұлыңызға хабарласыңыз.
2. Менің есімім Ерсін, 1994 жылы 9 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының №2-перзентханасында дүниеге келдім. Анам менен бас тартып, перзентханада қалдырып кеткен. Сол кезде дәрігерлер туған анамды өзі жазған мекенжай бойынша іздеп барыпты, бірақ ол жалған ақпарат болып шыққан. Арада 25 жыл өтсе де, ол кісі мені іздеуге еш әрекет жасамады. Түсінемін, жастық шақтың қателігі болуы мүмкін. Менде ол кісіге реніш жоқ. Тек қана, туған анамның кім екенін және тегімді білгім келеді. Бағыма орай, мені жақсы адамдар асырап алып, тарбиеледі. Бір өкініштісі, асырап алған ата-анам дүниеден өтті. Асыранды бала екенімді анамның әпкесінен естідім. Асырап алған анам Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында тұрған. Анам тұрмысқа шығып, 3 жыл бойы бала көтере алмапты. Бір күні әжемізге келіп: «Мен бала асырап алатын болдым, Семейге барып келем»,- деп, жолына ақша сұрап алыпты. Анаммен бірге мені алып келуге перзентханаға барған жеңгеміз: «Біз баланы алуға перзентханаға бардық. Күтіп тұрдық. «Сіздер ме, күтіп тұрған?»,- деп, бір медбике баланы алып шығып, қолымызға ұстатты. Басқа ештеңе болған жоқ»,- дейді. Одан басқа ақпарат жоқ. Мүмкін осы хатымды туған анам естіп қалар деген үмітпен жолдап отырмын. Ол кісі де мені іздеп, таба алмай жүрген шығар. Мен туралы толық ақпарат «Бармысың, бауырым?» хабарының редакторында бар. Анамды тауып, табыссам деймін. Өз руымды білгім келеді. Үміт үзбеймін.
3. Здравствуйте, редакция программы «Бармысың, бауырым?», меня зовут Карлыгаш, я воспитанник детского дома. Я не знаю своих родителей, родственников. Ко мне никто не приходил, не навещал. После выпуска мне не дали информацию о моей маме. Сказали я отказная, тебя в роддоме оставили... И все. Все что я знаю о себе: родилась я в 1984 году, 26 сентября. С 1984 по 1990 годы жила в Доме для малюток, с 1991 года перевели в Детский дом города Жезказгана. В 15 лет поступила в 9-училище, училась 3 года, и в 18 лет на руки дали диплом и отпустили.
С тех пор я живу одна сама по себе, работаю на заводе «Казахмыс», г. Жезказган. Живу одна, снимаю комнату в общежитии, жду свою очередь на квартиру как сирота. Мне уже 35 лет. Я по жизни одна. Я хочу найти маму. Неужели она меня не искала... не ищет? Я не верю. Думаю, просто она не смогла найти. Прошу вас помочь мне найти маму, ту единственную родную маму!..
***
Әр қоңырауда үміт, әр хатта өтініш бар. Өйткені, бізге жолдаған хаттың бірін анасын іздеген бала жазса, енді бір хат керісінше баласын жоғалтып алған анадан келеді. Сондықтан, тыңдарман қауым, аты-аталған адамдарды танысаңыздар немесе олар туралы қандай да бір дерек білсеңіздер, бізге хабарласыңыздар. «Бармысың, бауырым?» хабары «Қазақ радиосының» әуе толқынында сейсенбі, 10:15-те тікелей эфирде өтеді. Байланыс нөмірі:+7(717-2) 75-73-11 және +77075355383 (whatsapp).