Несиесі кешірілгендердің көбі Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан облысының тұрғындары. Бұл туралы Қазақ радиосының Жаңалықтар қызметі хабарлады.
Биыл 26 маусымда президенттің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығы шығып, 507 мыңнан астам адамның банк алдындағы 630 мыңға жуық берешегі өтелді. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 105 милииард теңге жұмсалды. Бір реттік акцияның игілігін әсіресе Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан облысының тұрғындары көрген. Бұл туралы Қазақ радиосына ҚР Ұлттық банкі хабарлады. Мысалы Алматы қаласы бойынша 115 998 несие бойынша қарыз кешірілсе, Түркістан облысында 83 895, Шымкент қаласында 74 731 заем бойынша борыштар президент жарлығына сай өтелген. Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында да кешіруге жататын кепілдіксіз несиелердің көп екенін көруге болады. Мысалы, Жамбыл облысында барлық өтелген несиелердің 39 233-і, Қызылорда облысына 37 060-ы, Шығыс Қазақстан облысына 33 286-сы тиесілі. Ал ең аз несиесі өтелген өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстан (6 336 заем), Ақмола (10 795 заем), Павлодар (13 245 заем) облыстары бар.
Айта кету керек, көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, асыраушысынан айрылған отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар және жетім балалардың берешектері бойынша қарыздар өтеп беру жұмысы жалғасуда. Аталған бес категорияға кіретін, алайда несиесі өтелмегендердің қазірқазір қосымша тізімі жасалуда. Себебі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде борышкерлер жайлы кейбір ақпараттар болмай шыққан. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық банкке тізімге енбей қалған азаматтардың мәліметтерін екі апта сайын жолдап отыр. Бұл жұмыс желтоқсан айына дейін жалғасады. Одан кейін Ұлттық банк несие бюросымен аталған тізімді нақтылап, жыл аяғына дейін қалған борышкерлердің берешегі өтеледі. ҚР Ұлттық банкінің Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Рамазанов өзін тізімнен таба алмағандар үшін 111 қысқа қоңырау орталығы арқылы мамандардан кеңес алу мүмкіндігі бар екенін айтқан.
Ұлттық банктің мәліметіне сай биыл тек маусым айында банктер 434 миллиард теңгеге жуық тұтынушылық несие таратқан. Үкімет сондай-ақ несие алушыларға қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр.