"Ықылас": Тақуалық сөзінің түп негізі қандай?

Қазақ радиосының тікелей толқынындағы «Ықылас» бағдарламасының бүгінгі санына"Ырыскелді қажы" мешітінің найб имамы Нұрқанов Сейіт Темірбекұлы қатысты.

Жұма уағызы «Тақуалық» тақырыбы жайында былай сөз қозғады. 

«Тақуалық» сөзiнiң түп негiзгi мағынасы – «аз сөйлеу». Сонымен қатар, «сақтау», «қорғау» және «жеккөрiнiштi, әдепсiз, зиянды нәрседен аулақ болу» мағыналарында кеңiнен қолданыс тапқан. 

Ал шариғи мағынасына келер болсақ, тақуалықтың мәнiсi – тек күнәлi және ұятты iстен сақтанумен шектелмей, өзiне игiлiк iстеу және Жаратушыға бойұсыну ұғымдарын да қамтиды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тақуалықтың сипаттамасына қатысты айтады: «Сырт көзге жақсы болып көрiнгенiмен, iшi күмәндi болған нәрседен сақтанбайынша пенде тақуалар қатарына қосыла алмайды» 

Убәй (р.а.) Омар ибн Әл-Хаттабтан (р.а.) тақуалық жайында сұрағанда, ол: «Сен тiкенегi бар жолмен жүрдiң бе?», – дедi.

– Иә, жүрдiм.

– Сонда қалай жүрдiң?

– Балағымды қайырып, аяғымды ақырындап басатынмын.

– Мiне, тақуалық дегенiмiз осы деген екен («Әл-Жәмиъу ли әхкәмил-Құран»).

Адам баласы әр iсiне мұқият болып, Қиямет күнi Алла тағаламен жүздескенге әзiрленуi – тақуалықтан. Ал тақуалық дегенiмiз – Алла тағалаға бойұсынып, шариғатқа сай тiршiлiк ету, күнә iстеуден сақтану.

Толығырақ аудионұсқадан тыңдап, Ютуб желісінен тамашалай аласыз.

Құрметті тыңдарман, «Ықылас» бағдарламасы Қазақ радиосынан әр жұма сайын 10:15-те тікелей әуе толқынына шығады.

Жүргізуші - Ғылымхал Манай.