Нұр-Сұлтанда демалыс күндері қайда баруға болады?

Елордада демалыс күндері бірқатар мәдени-ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Алдағы демалыс күндері Нұр-Сұлтанда елордалық командалардың қатысуымен бірден екі матч өтеді. «Көрме» залында SuluExpo 2019 сұлулық индустриясының 18-ші халықаралық көрмесі басталды. Қонақтарды республикалық ауқымдағы чемпионаттар, өңірлік деңгейдегі конкурстар, өзекті тақырыптар бойынша конференциялар күтуде.

Танымал шеберлердің қатысуымен барлық бағыттағы мастер-кластар, Қазақстан мен Ресейдің үздік сұлулық сарапшыларының оқу семинарлары, тренингтер көрменің сәнін кіргізеді. Сонымен қатар, көрме алаңында өз саласының беделді мамандарының форумдары, сондай-ақ директорлар мен сұлулық индустриясы мамандарына арналған «Sulu Boom» лотерея ойыны өтеді. Іс-шара 9 қарашаға дейін жалғасады, билетті баратын күні тіркеу орнынан алуға болады.

Сенбі, яғни 9 қараша күні «Сарыарқа» велотрегінде «Астана» президенттік баскетбол клубы мен Цмоки-Минск баскетбол клубы кездеседі. Жанкүйер қауымды қызықты ойын күтіп тұр. Себебі бұл екі команданың арасындағы теке-тірес әрдайым тартысты өтеді.

«Астана – Цмоки Минск» матчына билеттерді онлайн сатып алуға болады, құны 200 теңгеден басталады. Ойын уақыты 15:00-де. Күндіз «Астана Арена» стадионында футболдан «Астана» командасы Павлодардың «Ертісімен» кездеседі. Қазақстан премьер-лигасы аясында өтетін ойын 10 қараша күні сағат 15:00-де басталады. Билет құны – 500 теңгеден. Сол күні кешке Бейбітшілік және келісім сарайының залында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Қабатовтың «Тұрсынбек Қабатов 40 жыл» атты жеке әзіл-сықақ концерті өтеді. Әзіл кеші сағат 18:00 басталады. Билеттің ең төменгі бағасы – 3000 теңге.