Мәдениет жаңалықтары

1. 13 қараша күні «Астана Операда» тыңдаушылар назарына ұлттық музыка жауһары – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы ұсынылды. Сұлу Жібектің басты партиясында театрдың Үлкен залы сахнасында алғаш рет Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева өнер көрсетті. Ғабит Мүсіреповтің либреттосына жазылған тұңғыш қазақ операсы «Қыз жібек» жұртшылыққа 1934 жылы ұсынылған. Спектакльдің премьерасы «Астана Операда» режиссер Михаил Панджавидзе мен қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің ұлттық классиканы жаңаша ұсынуында 2017 жылғы ақпанында өткен болатын.

2. VIІI Халықаралық «БАСТАУ» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестиваліне өтінімдер қабылдап, қазіргі уақытта іріктеліп жатыр. Фестивальдің іріктеу комиссиясы қысқаметражды студенттік фильмдер және толықметражды дебюттік фильмдер бағдарламалар аталымы бойынша өтеді. Халықаралық «Бастау» кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысуға ниет білдірген жас киногерлердің ұсынымдары 15 қарашаға дейін қабылданды. Биыл фестиваль желтоқсан айының 3 мен 7 аралығында Алматыда өтеді.

3. Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Жас суретшілер одағының «Алматы жас суретшілері» көрмесі өтіп жатыр. Көрме экспозициясы авторлардың тақырыптары мен шығармашылық қызығушылықтарын біріктірген төрт бөлімнен тұрады: кескіндеме, мүсін, графика және сәндік-қолданбалы өнер. Ең үлкен бөлігі пейзаж, натюрморт, тақырыптық композициялар кеңінен орын алған кескіндемеге берілген. Аталмыш шара рухани жаңғыру және жастар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

«Classic» радиосын Нұр-Сұлтан қаласында 102,7 FM, Алматы қаласында 102,8 FM, Ақтау қаласында 103,0 FM толқынынан тыңдай аласыздар.