1. Режиссер Жаңабек Жетіруов түсірген «Шыңырау» фильмі үстіміздегі жылы қарашаның 19-ы мен 23-і аралығында Қытайдың Сямэнь қаласында өтетін ХХVIII «Алтын әтеш және Жүз гүл» Бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып жатыр. Бұл фильмді қытайлық көрермендерге режиссер Жаңабек Жетіруовтың өзі таныстыратын болады. Әбіш Кекілбаевтың повесі «Шыңыраудың» желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.
2. 22 қараша күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Қазақстанның мүгедектері күніне орай, мүмкіндіктері шектеулі балалардың «Бақытыма сенемін» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Шара мақсаты – мұқтаж жандардың қордаланған мәселелеріне халық назарын аудару, оларға әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру, сондай-ақ қоғамда жалпы қабылданған стереотиптерді бұзу және бұл басқа балалар сияқты қажеттіліктер мен мүмкіндіктері бар қарапайым балалар екенін көрсету болып табылады. Көрмеде 10-16 жас аралығындағы балалардың әртүрлі техникада орындалған: ағашты ою, мүсіндеу, кесте тігу, бисермен және ілмек бізбен тоқу, дәндерден аппликация және т.б. таңғажайып жұмыстары ұсынылмақ.
3. Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы аталып өтті. Жазушының мерейтойына орай Ресей астанасында қазақстандық кино апталығы ұйымдастырылған болатын. Қала тұрғындарының отандық жаңа сегіз фильмін көруге мүмкіндіктері бар. Олардың арасында «Әміре» мен «Томирис» картиналары бар. Бұл шараны Ресей мәдениет министрлігінің қолдауымен Қазақстан елшілігі ұйымдастырған. Әйгілі «Иллюзион» кинотеатрында қазақстандық кино апталығы «Шыңырау» фильмінің көрсетілімінен басталды. Бұл – Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген картина. Сондай-ақ жазушының «Аңыздың ақыры» романы бойынша сурет көрмесі өтіп жатыр. Бұдан бөлек Ресейдегі қазақстандық кино апталығы аясында екі елдің мамандары кездесіп, киноөндіріс пен прокат саласында ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқыламақшы.
«Classic» радиосын Нұр-Сұлтан қаласында 102,7 FM, Алматы қаласында 102,8 FM, Ақтау қаласында 103,0 FM толқынынан тыңдай аласыздар.