Мәдениет жаңалықтары

1. Павлодар қаласының Григорий Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Тұңғыш Президент күніне орай «Балалық шағымның аспаны» тақырыбында көрме ашылды. «Елбасының бес қыры» жобасы аясында ұйымдастырылған көрмеде Елбасының балалық шағының куәсі болған - оқушы кезінде отырған партасы мен алғаш қолына ұстаған домбырасы, шапаны сияқты құнды заттар қойылған. Көрмеге келушілер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық шағын суреттейтін «Балалық шағымның аспаны» деректі фильмін тамашалады. Сонымен қатар, көрмеден Елбасының жазған кітаптарын және Павлодар өңіріне жасаған сапары кезінде түсірілген фотосуреттерді де кездестіруге болады. Жалпы аталмыш көрмеде Елбасының тарихынан сыр шертетін 150-ге жуық экспонат қойылған.

2. Қазақстанның барлық кинотеатрларында "Walt Disney" компаниясының "Оскар" жүлдесін иеленген, көпшелікке таныс "Мұзды өлке 2" мультфилімі халыққа жол тартты. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Нұр-Сұлтандағы көрсетілімнің салтанатты ашылуына қатысып, шетелдік экран туындыларының қазақ тіліне аударылып жатқанының орасан зор маңыздылығын атап өтті.

3. Қызылордада «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Тарихы терең басылымдар - өңірдің жарқын жылнамасы. Сыр журналистикасының қара шаңырағы саналатын газет редакциясы бүгінде заманауи медиа кеңістіктің талабына сай жұмыс жасап келеді. Мерейтой аясында ардагер тілшілерге де сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ БАҚ өкілдері ғылыми-тәжірибелік конференцияда пікір алмасып, ой бөлісті. Шара аясында 1929 жылдан бері басылым беттерінде жарияланған облыстың өткені мен бүгіненен сыр шертетін фотокөрме өтті.

«Classic» радиосын Нұр-Сұлтан қаласында 102,7 FM, Алматы қаласында 102,8 FM, Ақтау қаласында 103,0 FM толқынынан тыңдай аласыздар.