Мәдениет жаңалықтары

1. Келер жылы елімізде «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы басталады. Жалпыұлттық шара Қазақстан халқы Ассамблеясына ширек ғасыр толуына орай қолға алынды. Экспедицияның туы мен күнделігі, салтанатты түрде Алматы облысына тапсырылды. Жоба Елбасының туған өлкесі - Шамалған жерінен бастау алады. Кейін Қарағанды облысы мен Украинаның бұрынғы Днепродержинск, қазіргі Каменское қаласына және Алматы қаласына бару жоспарланып отыр. Ал одан кейін сапар ел өңірлері мен бірқатар шет мемлекетке ұйымдастырылатын болады. 

2. Опера сахнасының аңызға айналған тұлғасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Ахметқызы Төлегенова 3 желтоқсан күні «Астана Опера» ұжымы МОБТ сахнасында мерейтойын атап өтеді. Кеште Бибігүл Төлегенованың шәкірттері мен «Астана Операның» солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Жәмиля Жарқымбаева, Дина Хамзина, Медет Чотабаев, Мейір Байнеш, Жанат Шыбықбаев, Азамат Жылтыргөзов, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова, Гүлжанат Сапақова, Елена Низамутдинова, Гүлдана Алдадосова және тағы да басқа белгілі өнер жұлдыздары қатысатын болады. Айта кетейік, бұл шығармашылық кеш әртістердің ұлы әншіге жасаған музыкалық тартуы болмақ.

3. Сыр өңірінде «Әлем таныған тұлға» атты кітап көрмесі ашылды. Тұңғыш Президент күніне арналған шарада Елбасының көрнекті саясаткерлігі, мемлекетті қалыптастыру мен дамытудағы еңбек жолы кеңінен әспеттелді. «Ұшқан ұя ұлағаты» деп аталатын 1-бөлімде оқырмандар Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы мен өскен ортасы туралы деректермен танысты. Одан бөлек, «Дәуірдің дара тұлғасы», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Елбасы және Елорда» атты бөлімдерде бейбіт өмір, қоғамдық келісім, саяси-экономикалық тұрақтылық орнатқан Ұлт көшбасшысына арналған отандық және шетелдік авторлардың жазбалары қойылған. Жалпы кітапхана қорында Тұңғыш Президенттің тәуелсіздікті тұғырлы, егемендікті еңселі ету кезеңдері қамтылған 125 аталым бойынша 900 дана әдебиет жинақталған.

«Classic» радиосын Нұр-Сұлтан қаласында 102,7 FM, Алматы қаласында 102,8 FM, Ақтау қаласында 103,0 FM толқынынан тыңдай аласыздар.