Қарағандыда көпшілік таңдауы бойынша 10 көшенің атауы өзгеретін болды

Бүгін Қарағандыдағы «Достық үйінде» облыс орталығындағы көшелердің атауларын өзгертуге байланысты қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында Қарағанды қаласындағы Ленин, Приканальная, Кривогуза, Защитная, Зональная, Олимпийская, Волочаевская, Кувская, Аманжолов сынды 10 көшенің атауын өзгерту мәселесі талқыланды.

Қоғамдық тыңдауға жиылған қарағандылықтар өзгерістерді толығымен қолдап, Ленин көшесінің – Абай Құнанбаев, Приканальная көшесінің– Сарыарқа, Кривогуза көшесінің – Қасым Аманжолов, Защитная көшесінің – Григорий Потанин, Зональная көшесінің – Александр Затаевич, Олимпийская көшесінің – Нарманбет Төлепов, Волочаевская көшесінің – Камали Дүйсембеков, Кувская көшесінің – Қазыбек Нұржанов және Аманжолов көшесінің Балқантау көшесі болып ауыстырылуына бірауыздан дауыс берді.

Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, жиын хаттамасы қалалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралып, арнайы шешім қабылдануы тиіс. Одан әрі ол шешім Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясы мен облыстық ономастика комиссиясында бекітіледі. Бекітілген шешім республикалық комиссияның қарауына жіберіліп, ол жақтан келісім келген жағдайда, қорытынды құжат БАҚ-тарда жарияланады.