Елордадағы Оқушылар сарайына Әбу-Насыр Әл-Фарабидің есімі берілмек

Нұр-Сұлтандағы Оқушылар сарайына Әбу-Насыр Әл-Фарабидің есімі берілмек. Бұл туралы Қазақ радиосына Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай хабарлады.

Оның айтуынша, тиісті шешімді Үкімет қабылдайды. Республикалық онамастикалық комиссия бұл ұсынысты қолдап, оны Үкіметке жолдаған.

"Егер Үкімет дана бабамыздың есімін Оқушылар сарайына беру туралы Қаулы шығарса, онда Әл-Фараби оқуларын өткізу, сыйлық тағайындау, орталық ашу секілді іргелі жұмыстар жасаймыз деген жоспарымыз бар", - дейді Ербол Іргебай. Оқушылар сарайының әкімшілігі Әл-Фараби атын ресми алған соң ғұламаның атындағы арнайы орталық ашуды да жоспарлап қойған.

Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайы әлемдегі осындай бірегей ғимараттардың қатарына кіреді. Оның аумағы 61 274,6 шаршы метр. Оқушылар сарайында жеңіл атлетика залы мен жүзу бассейні, мұз айдыны мен күрес, теннис залдары бар. Жалпы алғанда 100-ден астам үйірме жұмыс істейді.