ЖАҢАЛЫҚТАР 24.02.2020 (12:00)

Солтүстік Қазақстан облысында азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетуді мақсат еткен «Adal kómek» жобасы іске қосылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, жаңа жоба волонтерлер жылы аясында ашылды. «Жобаға Агенттіктің қызметкерлері, тәжірибелі заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, сондай-ақ студенттер, жоғары оқу орны заң факультеттерінің оқытушылары волонтер ретінде тегін кеңес береді. Облыс тұрғындары әр сенбіде сағат 10 мен түскі 1 аралығында Петропавлдағы «ANTIKOR ORTALYǴY»-на хабарласа алады.

***

Нұр-Сұлтан қаласында 1,5 мыңнан астам волонтер теміржолшы қар күреуге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК». Компания қызметкерлері «Лесозавод» тұрғын үй алабының, «Агроқалашық» мөлтек ауданының және Қырқыншы стансаның көшелерінен 500 рейс қар шығарды. Қара тазалауға 50 арнайы техника тартылған. Шамамен 6 шақырым жол, жүздеген аула, 29-шы орта мектептің ауласының қары шығарылды.

***

Атырауда облыстық және қалалық әкімдіктердің, сондай-ақ, квазисектордың қызметкерлері қатысқан сенбілікте Жайық өзенінің оң жағалауынан 28 тонна қоқыс жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атырау қалалық әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейінгі бір аптаның ішінде шаһар аумағынан 500 тоннадан астам құрылыс қалдығы шығарылды. Әкімдік құрылыс қалдықтарын полигонға тегін төгуге болады деген шешім шығарған. Себебі, далаға қоқыс шығарудың салдарынан жер-жерде полигондар пайда болған.

***

Алматыда қару-жарақ құрастырып, сатумен айналысқан 10 адам сотталды. Былтыр маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитеті атыс қаруын жеткізумен заңсыз айналысқан халықаралық арнаның жолын кесті. Сотқа дейінгі тергеу барысында ішкі істер органдары қызметкерінің қылмысқа қатысы бары анықталды. Лауазымды адам министрлікке тиісті оқ-дәріні ұрлаған» деп хабарлайды комитеттен.

***

Елордада зейнеткерлер мен мұқтаж азаматтарға тіс протездеу тегін жүргізіледі. Мұндай шешімді қалалық мәслихат қабылдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Мұқтаж азаматтар санатына Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер және соларға теңестiрiлген адамдар; зейнеткерлер; мүгедектер; табысы аз көп балалы аналар, көп балалы отбасылар. Соның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне қызметтер кезектен тыс көрсетіледі. Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына құжат өткізуі керек.

***

Жаңартылған дүниежүзілік рейтингте Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 17-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұған дейін 19-сатыда тұрған 20 жастағы Е.Рыбакина Қазақстан көрсеткішін жаңартты. Рейтингте аустралиялық Эшли Барти бұрынғыша көш бастаса, румыниялық Симона Халеп пен чехиялық Каролина Плишкова екінші, үшінші орында келеді. Ерлер арасында үздік үштікте бұрынғыша сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль және швейцариялық Роджер Федерер.