ЖАҢАЛЫҚТАР 05.03.2020 (9:00)

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында Президенттің мерекеден кейін келетін демалыс күндері мемлекеттік қызметшілердің жұмысқа шығуы туралы твитіне түсіндірме жариялады. «Бірнеше күнге созылатын мереке мен одан кейін келетін демалыстар кезіндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетсіздігі Мемлекет басшысының осы жазбасына себеп болды. Бүгінде еліміз көршілес мемлекеттердегі коронавирус індетінің таралу қаупімен, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлармен және басқа да қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын білесіздер. Мұның бәрі барлық мемлекеттік құрылымдардың шұғыл әрі жүйелі жұмыс істеуін талап етеді. Сондықтан Президент мемлекеттік қызметшілердің мерекелерден кейін келетін күні (дүйсенбі) жұмысқа шығуын орынды санайды. Бұл жерде Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, министрліктердің, Мемлекет басшысына тікелей бағынышты ведомстволардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің қызметкерлері туралы сөз болып отыр» - делінген жазбада.

***

Корей елінде жүрген отандасымыздың дені сау және ол ешкімнен, ешқайда қашқан жоқ. Сыртқы істер министрілгінің ресми өкілі Айбек Смадияров осындай мәлімдеме жасады. Алдыңғы күні ақпараттық кеңістікте Сеулде жүрген қазақстандықтың коронавирус жұқтырып, қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Алайда кеше бұл ақпараттың жалған екені анықталды. Ал Оңтүстік Корея аумағында заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары өз мәртебесіне қарамастан кез келген медициналық мекемеге хабарласып, тексерістен өте алады.

 ***

Алматыда коронавирус ауруына шалдыққан Қытай азаматтары бар деген қауесеттің таралуына ешқандай негіз жоқ. Қазіргі уақытқа дейін бұл індет жұқтырған бір де бір адам анықталған жоқ. Бұл жөнінде Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді. Қазір қалалық провизиялық көп салалы стационарда 131 адам дәрігерлердің қатаң қадағалауында жатыр. Олар негізінен Қытай, Иран мен Моңғолия азаматтары. Жалпы коронавирус тараған елдерден келгендер 14 күн карантинде болып, бақылауға алынады. Бұл елдердің қатарында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия мен Иран бар. Ал Қытаймен әуе қатынасы уақытша тоқтатылған.

***

Қазақстандықтар сәуірдің 1-не дейін МӘМС бойынша тіркеліп болуы керек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандару қорына 600 мыңдай қазақстандық уақытылы ақша салмай отыр. 2 миллион адамның мәртебесі анықталмаған. Бұл алдағы уақытта үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, осы азаматтарға емхана, ауруханаларда қызмет көрсетілмейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов осылай дабыл қақты. Маманның айтуынша сәуір айына дейін жоғарыда айтылған мәртебесі белгісіз адамдар өз мекен жайы бойынша емханаларына барып немесе сайтқа кіріп тіркелулері тиіс. Ал жарнасын төлемей отырғандар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қор төрағасының айтуынша, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна төлеу үшін барлық жағдай жасалған. Ол үшін медициналдық ұйымдарға төлем терминалдары да қойылған.