Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Қазақтың ұлы даласында сан ғасырлар бойы тойланып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлық мереке - Наурыз. Күн мен түннің теңелетін осынау ерекше күнін қазақ - жаңару мен жасарудың нышаны, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы деп құрметтеп, береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы ретінде дәріптеген. Наурыз - табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Сонымен қоса, ерте кезден-ақ бұл мейрам елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын ерекше сипатқа ие.

Наурыз мерекесі – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді.

Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтан жасалады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санға байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде, ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі де 7 үйге жолығады.

Наурыз мейрамы – діни мереке емес. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Қазақ халқы бұл күні дүниеге келген қыз балаларға Наурыз, Наурызгүл, Наурызжан, ер балаларға Наурызбай, Наурызбек, Наурызхан деген есім берген.

Бір сөзбен айтқанда, әр қазақтың асыға күтетін мейрамы Наурыз - табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бойына жиған ерекше мереке. Осыны терең ұғына білген бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Айнала көгеруге қамданып, дүние жаңарып, құлпыра құбылып, жер жаһанға шаттық пен қуаныш сыйлайтын, ізгіліктің нұры төгілетін мейрам осы.

Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін!

Ұлыс оң, ақ мол болсын!

Құрметпен, «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС ұжымы