Қазақстанда тәулігіне 1 млн дана медициналық маска шығарылатын болады.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты .


«Қазіргі уақытта бір тәуліктің ішінде өндірілетін барлық масканың жалпы саны 604 мың дананы құрайды. Бұл көлем алдағы уақытта тәулігіне 1 миллион данаға жеткізіледі. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тәуекел тобына кіретін адамдарға тегін маска беру ұйымдастырылады», - деді министр.

Оның айтуынша, еліміз бойынша 27 мың төсек-орын дайындалған. Елордадағы төсек-орындардың 25, ал Алматыда 12 пайызында ғана адамдар жатыр.

Сондай-ақ, БАҚ өкілдері коронавирус инфекциясынан қаза тапқандарды жерлеу тетіктері бар ма деп сұраған еді.

«Мұндай жайттан Құдай сақтасын. Дегенмен, бізде алгоритм әзірленген. Ол бүкіл әлемде қабылданған нормалар мен стандарттарға сай келеді. Сондықтан бұл мәселені нақты бір адамдарға қатысты талқыламаймыз деп ойлаймын», - деді Дәурен Абаев. 

Дереккөз: inform.kz