Былтыр үкіметтің азық түлік қауіпсіздігін көтерейік деген үндеуіне сеніп Қазақстанның 16 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен арзан несие алып, шет елден асыл тұқымды ірі қара әкеледі. Нәтежесінде Ресейдің «КАМагро» деген алаяқ компаниясының құрығына түскен. Енді, бар тапқанын салып, туған туыстарының мүлкін кепілдікке қойған ауыл азаматтары аштық жариялап, мемлекет тарапынан көмек көрсетілуін сұрап отыр.
Әлеуметтік желілерде бұл туралы бірқатар блогер онлайн форматында талай жиын өткізді. Мәселенің мән жайына терең бойлай алмаған қоғамдық белсенділер кінәні мемлекеттен іздейді. Атап айтқанда қаржы берген ұйым мал әкеліп беретін мекемелердің тізімін берді.(солардың арасында «КАМагро» да бар) Олардың қандай компания екенін өздері неге тексермейді деген мін тағылып отыр. «Аграрлы Қазақстан» хабарына қонаққа келген Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры басқарма төрағасы Жандар Омаров ең бастысы ақша уақытымен және толығымен берілгенін дәлелдеп, мал сапасын сондай-ақ ашатұяқты жеткізіп берушіні тексеріп алу шаруаның өз мойнында екенін қадап айтты.
Мәселенің шын мәнінде қиын екенін түсінген «ҚазАгро» холдингі өзінің еншілес екі ұйымымен бірігіп алаяқтардың құрығына түскен шаруаларға қол ұшын бермек. Әділдікті алға тартып осының барлығын таразылаған студия қонақтары хабар барысында қаржы институттары жағынан кінә жоқ екенін түсінді. Бұл мәселе бойынша арнайы қоғамдық комиссия құру қажеттілігі айтылды.