Асқар Жұмағалиев: Еліміз – интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстан – интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі екенін мәлім етті.

«Бүгінгі күні дамыған инфрақұрылым цифрлық сауаттың артуына өз әсерін тигізеді. Әсіресе, ауылды елді мекендерді айта кетсек, қазіргі таңда еліміз - интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі. Елдегі интернеттің тартылу деңгейі - 86,8%. Бүгінгі таңда инфрақұрылымды дамыту бойынша елімізде 2 ірі жоба іске асуда. Ол - ауылды мекендерге кеңжолақты интернетті жеткізу. Осының нәтижесінде интернеттің қолжетімділік деңгейі 99,3% жетеді», - деді Асқар Жұмағалиев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, интернетке қолжетімділік біздің азаматтарға, соның ішінде ауыл тұрғындарына цифрлық экономиканы дамытуға, онлайн білім беруге және қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.


Дереккөз: inform.kz