Жаңалықтар 15:00

 

Үкіметте қазіргі жағдайдан шығудың нақты жоспары бар.

Бүгін өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деді. Оның айтуынша, ел ішінде індет кеңінен тарап барады. Халық арасында вирустың жаппай таралуын тоқтату үшін қосымша шаралар керек, деген министр медицина қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. «Осынау қиын-қыстау кезеңде олар туған-туыстарынан, отбасыларынан жырақта жүріп, қауіпті жағдайда науқастарға көмек көрсетіп жатыр. Бұл жігер мен кәсіпке адалдықты талап ететін қатерлі жұмыс. Сол себепті медицина қызметкерлерін барынша қолдауға шақырамын», - деді Алексей Цой.  

***

Еске сала кетсек, Үкімет 2 күннің ішінде осы жылдың наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуі тиіс. Бұл тапсырманы коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген еді.

***

Алексей Цой осы жылдың тамыз айының соңына дейін еліміздегі стационарларда қосымша 10 мың төсек-орын дайындалатынын жеткізді. Қазіргі таңда елдегі стационарлық төсек-орындардың 60 пайызы бос емес. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында бұл көрсеткіш – 90 пайыз. COVID-19 пациенттерін емдеу үшін 348 медициналық ұйымда 26 мың төсек-орын әзірленді», - деді Алексей Цой. Министрдің хабарлауынша, тамыз айының соңына дейін стационарларда 10 мың орын даярланады. Онда жан сақтау бөлімшелері мен интенсивті терапия палаталары ашылып, өкпені жасанды желдету аппараттары қойылады.

***

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір аумағында пандемиямен күрес жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Соңғы мәліметтер бойынша, Түркістан облыснда коронавирустың расталған 846 жағдайы тіркеліп, аурудың өршуі орын алып отыр. Індет аймақтың барлық аумағында тіркелген. 356 науқас сауығып шықты. Облыс бойынша қауіпті індетті емдеу шаралары үшін инфекциялық және провизорлық стационарларда, карантиндік орталықтарда қосымша орындар дайындалды. Жалпы, өңірде тәуліктік қуаттылығы 650 тестке дейін 4 зертхана жұмыс істеуде. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, аймақта жағдай өте күрделі. Науқастар ауруханаларда орын және дәрі-дәрмек тапшылығынан қиналмауы тиіс. Ең бастысы, қазіргідей қиын сәтте облыстың барлық аудан, қалаларында және әрбір елді мекендерде карантиндік шектеу режимін күшейтіп, талапты қатаң түрде сақтауды тапсырамын, деді облыс басшысы.

***

 Өскемендегі Ана мен бала орталығындағы емхана жұмысын тоқтатты. Аймақта шектеу шараларының енгізілуіне байланысты емхана 11 шілдеге дейін науқастарды қабылдамайды. Бұл туралы Ана мен бала орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды. Бұл ретте емханадағы барлық дәрігерлердің қабылдауы мен функционалдық кабинеттер жұмыс істеймейді.