Жаңалықтар 15:00

Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде Ұлттық қорғаныс университетіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты. Президент өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі Қазақстанның негізін қалағанын, егемен еліміздің стратегиялық даму жолын айқындап, халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырғанын атап өтті. Қазақстанның Қарулы Күштері Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылғандықтан, бұл монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор. Елбасы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Президент болған жылдары әскери құрылымның заңнамалық және құқықтық-нормативтік базасы әзірленді. Сондай-ақ Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы жасақталып, армияның қарулануы кезең-кезеңімен іске асып, заманауи инфрақұрылым қалыптасты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

***

КВИ-дің таралуы бойнша ахуал күрделеніп кеткен өңірлер белгілі болды. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гинияттың айтуынша, соңғы айда COVID инфекциясымен ауырған науқастардың ең жоғары өсімі – халық көп орналасқан және ірі өнеркәсіптік қалалар, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларының халқы арасында тіркелген.

***

Елімізде мониторгтік топтар құрылып, олар нысандардағы санитарлық шаралардың сақталуын қадағалауда. Егер ережені елемегендер анықталса, оларға айыппұл салынады, дейді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова.

***

Елордада медициналық университет пен колледждің 536 түлегі COVID-19 инфекциясымен күреске жұмылдырылады. Бұл жөнінде қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. Студенттерді жұмысқа орналастыру мен індетке қарсы күреске тарту бүгін қаланың медициналық оқу орындарының ректорларымен талқыланды. Түлектер емханалар, аурухана, стационар және жедел жәрдем станциялары бойынша бөлініп, олардың бір бөлігі бүгіннен бастап жұмысқа кіріседі» деп жазды Алтай Көлгінов Instagram парақшасында. Оның айтуынша, бұдан бөлек төсек-орын санын арттыру, медициналық жабдықтар сатып алу және басқа мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.