Асқар Жұмағалиев қызметінен босатылды. Бұл ақпаратты Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли таратты. «Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылды» деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Facebook парақшасында.
***
Бағдат Мусин цифрлық даму бірінші вице-министрі болып тағайындалды. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұжымына ҚР Үкіметінің Қаулысымен тағайындалған бірінші вице-министр Бағдат Мусинді таныстырды, ол уақытша министр қызметін атқарады. Асқар Мамин Мемлекет басшысы министрліктің алдына мемлекеттік қызметтер мен экономика салаларын цифрландыру жөнінде нақты міндеттер қойғанын атап айтты. Денсаулық сақтау және білім беру саласын цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету, Қазақстанның инновациялық экожүйесін дамыту қажет. Жаңа қызметіне дейін Бағдат Мусин ҚР Президентінің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болып қызмет атқарған.
***
Бүгін шыққан мәліметке сай 42 500 теңге төлем тағайындауға азаматтардан 1 млн 55 мың өтініш қабылданды. Төлем 880 мың адамға тағайындалды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өтінім бірнеше арна арқылы қабылданады. 700 мыңдай адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді; 271 мың адам Egov.kz порталы және telegram-бот арқылы; 50 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы; 45 мыңдай адам екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстар арқылы өтініш берген. Өтініштер 1 қыркүйегіне дейін қабылданады
***
Шілденің 3-19 күндері аралығында Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 210 адам көз жұмды. Өлім себебін зерттеу жөніндегі комиссия бұл жағдайларды коронавирус инфекциясынан қайтыс болған деп тіркеді. Қазақстанда бұл індеттен барлығы 585 адам қайтыс болды. Ал 72 мыңдай адам ем –дом қабылдап жатыр. Жазылғандар саны - 43 мыңнан асады.
***
Алматыға COVID-19 қарсы препараттардың жаңа партиясы Үндістаннан ұшақпен жеткізілді. Бүгін Алматы әуежайына келген жүкті «Іңкәр» компаниясы сатып алған. Жалпы салмағы – 33 тонна. Жаңадан жеткізілген партияда 312 мың қаптама дексаметазон, 105 мың преднизолон, 5 мың цилитаз, 122 мың цефтирол, және басқа да препараттар бар. Қажет дәрілерді қамтамасыз ететін дәріханалар желісі 105-тен 330 дәріханаға дейін көбейді. Бұдан өзге, дәрі-дәрмек коронавирусты емдейтін госпитальдерге де таратылуда. Айдың соңына дейін дәрі-дәрмек тиеген тағы үш ұшақ келеді. Жеткізушілердің айтуынша, ковидке қарсы дәрі-дәрмектің негізгі позициясы бойынша қажетті препараттар қоры жасалды. Оның барлығы қала дәріханаларына бөлінуде.
***
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры наурыз-маусым аралығында коронавирус инфекциясын диагностикалау үшін 300 мың ПТР-тестілеуге 3,4 млрд теңге бөлді. ПТР-тестілеу халыққа қолжетімді болуы үшін қор зертханасы бар 502 мекемемен келісім жасасды. Елімізде медициналық алғашқы көмек ұйымдары жанындағы 2 мыңнан астам мобильді бригада полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен тестілеу жүргізу үшін СOVID-19 күдікті пациенттен биологиялық материал алады. Мамандардың пікірінше, бұл халыққа қызмет көрсету мәселесін уақытылы шешеді және оның қолжетімділігін арттырады. Бұдан басқа, жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде пациенттер де ПТР-тест тапсырады, бұған жүкті әйелдер, шұғыл емге жатқызылатын пациенттер жатады.
***
Нұр-Сұлтан қаласында Жаңа оқу жылында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға компьютер, роутер тегін беріледі. Бұл туралы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты.« Қашықтан оқыту үшін ең алдымен педагогтар мен оқушылардың компьютер және интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды. Педагогтер мен оқушылардың компьютер мен интернетке қажеттілігіне мониторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынады», - деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.
***
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 16 шілдедегі жағдай бойынша қарыз алуға 396 млрд теңге сомасына 34 457 өтінім қабылданды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады. Нәтижесінде 231 млрд теңге сомасына қарыз беруге 19 999 өтінім мақұлданды.
***
ҰЛЫБРИТАНИЯда «ӘЛ-ФАРАБИ: ӨМІРІ МЕН МҰРАСЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СИМПОЗИУМ өтті. Онда Шығыстың ғұлама, ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалған еңбектері талқыланды. 200-ге жуық қатысушының басым бөлігі іс-шараға онлайн-режимінде қатысты. Толығырақ әріптесім Индира Бектенова баяндайды.
***
Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы Гран-при сериясының биылғы маусымын өткізбеу туралы шешім қабылдады. Мұндай шешімді халықаралық одақ медициналық комиссия және турнирді ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобымен кеңесе шығарды. Гран-при сериясының өткізілмеуіне мемлекеттер арасындағы әуе қатынасының толықтай ашылмауы себепкер болып отыр.
Сондай-ақ, Жапония бастаған бірқатар елдер спортшыларды жарысқа жіберуден бас тартуда.