Құрбан айт құтты болсын!

Құрбан айт – мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол «ораза айттан» кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Айт күндері Аллаға арнап құрбандық шалады, мал сояды (жылқыдан басқа). Бұл мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.

Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.

Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. 

Құрбан айт – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі.

Ендеше Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!