Питер Штурм «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бас директоры болып тағайындалды

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Директорлар кеңесінің шешімі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының келісімі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ жаңа Бас директоры болып DB Engineering&Consulting Азия-Тынық мұхиты аймағының дирекциясын басқарған неміс маманы Питер Штурм (Peter Sturm) тағайындалды, деп хабарлайды Қазақ радиосы.

"Темір жол көлігі және халықаралық тасымалдау саласында еңбек өтілі бар П. Штурм, 25 жыл бойы халықаралық компанияларда түрлі басқару қызметтерін атқарған. Бұған дейін ол инновациялар мен өзгерістерді енгізудегі жауапты бөлімшелерді басқарды, жылжымалы құрамды сатып алу және қызмет көрсету, ақпараттық технологияларды енгізу, темір жолдарды пайдалану және т. б. салаларда қызмет атқарды.

Штурм мырза бәсекеге қабілеттілікті және клиенттердің назарын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан барлық өзгерістер жалғасын табатындығына сендірді, " - деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін басшы болған Кортюм мырза денсаулығы мен жеке жағдайларына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры қызметінен кетуге шешім қабылдады.