Тұмауға қарсы вакцина салу басталды

Музыкалық шығармаларды орындаушылар фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты. Басты мақсат қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау деді министр. 

***

Атырау облысында тұмауға қарсы вакцина салу басталды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті.№1 Атырау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнагүл Шаумованың айтуынша, тегін вакцина жасы алты айдан асқан балаларға, жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне және созылмалы сырқатпен диспансерлік есепте тұрған науқастарға, жасы 60-тан асқан егде адамдарға салынады. «Ал, мекемелер тарапынан ақылы түрде екпе алуға өтінішті жергілікті емханалар арқылы беруге болады. Тұмауға қарсы салынатын вакцина Ресейден шығарылған. «Гриппол+» деп аталатын вакцинаны өткен жылдан бері қолданып келеміз. Былтыр облысқа 30 мың вакцина жеткізілсе, биылға 60 мың доза екпе әкелінді», - дейді Айнагүл Шаумова.

***

Өскемен қаласында биылғы қазан айында жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылады. Бүгінде мекемеге пластикалық терезелер мен есіктер қойылған. Электрмен жабдықтау 95% аяқталса, желдеткіш құбырлар 75% орнатылды. «Жөндеуді тез әрі сапалы аяқтау өте маңызды. Линолеум төсеу, жабдықтарды жеткізіп, іске қосу, сондай-ақ ғимараттың сыртын әрлеу жұмыстары қалды», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов. Төртінші қалалық аурухана филиалының артықшылығы кең зерттеулерге арналған ПТР зертханалар болмақ. Сонымен қатар бұл аурухана жылжымалы рентген аппараттарымен және компьютерлік томографиямен жабдықталады. Ауыр науқастар үшін 15 төсекке арналған реанимация бөлімі дайындалып, онда өкпені жасанды желдету аппараттары қойылады.

***

Осы аптаның соңында еліміздегі ауа райына бұрынғыдай циклон әсерін тигізеді. Еліміздің оңтүстігінде найзағаймен жаңбыр күтіледі, солтүстік пен орталығында және шығысында екпінді жел соғып, жаңбыр мен бұршақ жауу мүмкін. Тек еліміздің батысында ғана күн ашық болады. Ал Жұма күні Атлантикалық антициклонның әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жылы ауа райы күтіледі.