Іздеу саламыз!

Миллиондардың ішінде бірі бағалы затын, енді бірі алтын уақытын жоғалттым дейді. Бірақ, ең ауыры — жақын адамыңды жоғалту. Із-түссіз кеткен адамды жылдап іздеу, сарылып хабар күту оңай емес. Жақынын іздеген жанды бір үміт қана əрдайым жаңа жолға бастап, жақсы ойдың жетегіне ертеді. Ендеше, үміт үзілмесін!  

Хат қоржыны:

1. Мен Мүбәрәк Мұхтарұлы Шәйкенов, 1972-1974 жылдары Германияда әскери борышымызды бірге өтеген досым Сати Рахымжановқа іздеу саламын. Досымның бұрынғы мекенжайы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы. Әскерден кейін Алматы қаласында кездестік, ол кезде Политехникалық институттың «Архитектура» бөлімінде оқып жүрген. Содан кейін хабарсыз кеттік. Сати, естіп отырсаң хабарлас.

2. Менің аты-жөнім Зәмзәгүл Сейітқызы Құсайынова, Өскемен қаласы Меновное кентінен хат жолдап отырмын. Балам Тоқтар Ақылбайұлы Мұхтаров 1992 жылы 29 мамырда туған. Далаға шығып кетіп, адасып қалды. Балам ІІ топтағы мүгедек, синдром дауна. Үйде күтіп, сағынып отырған анасы, қарындасы бар. Баламды көрендер болса, үйге аман-есен оралуына көмектесіңіздерші. 

3. Менің Есімім Ғалия Қасқаева. Мен ағам Шайқын Серкебайұлы Қасқаевты іздеймін. Үйленген соң екі қызды болды, қалаға көшіп кеткен. Сол қалада бір қарақшылар ма... алып кетіп мал бақтырған. Тағы бір әйелмен некеге тұрған. Қарашаңырағымыз Алматы облысы Кеген ауданында. Сіздерден күдер үзбейміз.

4. Қайырлы күн, мен Атырау өңірінен хабарласып отырмын. Аты - жөнім Саламат Исмағұлов. Мен анамның туған әкесінің ағайындарына іздеу салғым келеді. Өкініштісі, нағашы атам өмірден өткенде анам 1 жаста болған. Әкесінің аты-жөні - Қашым Алпысов, 1916 жылы туған, 1959 жылы дүниеден озған. Естуімше, туған жері Павлодар облысы Баянауыл елді мекены болу керек. Неке туралы куәлікте «Айыртау ауданы» деп жазылған. 1951 жылы 19 маусымда әжем Орын Бұрашевамен некеге отырған. Сол некеден 4 бала сүйген. Ең үлкені қыз бала – Рәзия Қашымқызы Алпысова 1951 жылы туған, одан кейін ер бала – Серік Қашымұлы Алпысов 1954 жылы туған – бұл ағамыз 1993 жылы о дүниелік болды, Рабиға Қашымқызы Алпысова - 1957 жылы туған, 2002 жылы қайтты. Кенжесі менің анам Бақтылы Қашымқызы Алпысова 1959 жылғы. Мен білетін бар ақпарат осы. Сіздерден нағашы атамыз Қашым Алпысовтың туыстарын тауып берулеріңізді сұраймыз. Құрметпен, Атыраудан Саламат Исмағұлов.

5. Мен Света Қайыпбердіқызы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылынан хат жазып отырмын. Ағам Сәкен Қайыпбердіұлы Күзембаевты іздеп жүрмін. Ағам 1961 жылы 7 қыркүйекте туған. 2005 жылы Талғар ауданындағы «Раздольни» саяжайында әпкемнің үйінде болған. Әпкем жоқ кезде далада ойнап жүрген қыздар келіп: «Аға, сізді бір әйел шақырып жатыр»- деген. Үйде жүрген киіммен шығып кетіп, содан оралмады. 15 жыл өтті, еш жерге арыз бермедік. Бірінші отбасымымен ажырасып, екінші әйел алған болатын, сол әйелінің артынан елордаға кетті деп ойлап жүрміз.


6. Мен Ербол Молдабайұлы Шултаев Түркістан облысының тұрғынымын. Мен әпкем Рабиға Шултаеваға іздеу салып отырмын. Әпкем 1982 жылы 26 желтоқсанда туған. Ол Тараз қаласына жұмысқа кеткен, 2007-2008 жылдары үйге соңғы рет келіп кетеді, содан бері хабарсыз. Өзі кейде атын «Рабиға» емес «Лаура» деп айтып жүретін. Соңғы келгенінде Тараз қаласында «Қалалық аурухана» деген аялдаманың манындағы бір саунада жұмыс істейтінін айтқан, басшысы Гүлмира есімді әйел. Ешқайда арыз жазбадық келіп қалар деген үмітпен жүрдік.

7. Менің анам Шамшырақ Бажайқызы өзінің немере ағасы 1924-1925 жылдары туған Амандық Ізмағанбетұлы Ертанашовты іздейді. Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Коммунизм жолы колхозынан 1943 жылы соғысқа аттанған. Соғыс аяқталған жылдары ауылдың адамдарын көріп, өзінің тұтқынға түскенін, эшелонмен Қазақстанның оңтүстік жағына алып кетіп бара жатқанын айтқан. Содан бері хабар ошарсыз. Үлкен үмітпен хат жодап отырмыз, рахмет.

8. Мен Гайдар Ақпарұлы Жақанбаев Алматы облысы Талғар ауданында тұрамын. Мен туған бауырым Думан Ақпарұлы Жақанбаевты іздеп жүрмін. Бауырым 1980 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Беріктас ауылында дүниеге келген. Өскен жері Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылы. Нағашы ата мен апамыздың қолында өсті. 2014 жылы Алматы қаласы «Ұлжан-1» ықшам ауданында пәтерде тұрдық. Думан сол күні сағат 10-да жұмыс іздеймін деп үйден шығып кеткеннен оралмады. Алматы қаласы Алатау ауданындағы бөлімшеге ресми түрде арыз жазылған. Бауырымның оң алақанында тыртық бар,мұрны қисық, оң аяғында тізесінен төмен де тыртығы бар. 2015 жылы 1-вокзалдан қөрдік деген адамдар болды, бірақ мен бір жеті бойы іздеп таба алмадым.

Қазақ радиосының "БАРМЫСЫҢ, БАУЫРЫМ?" бағдарламасына күн сайын әкесін, анасын, туысын немесе досын іздеген жандардан хат-қоңырау түседі. Хабардың мақсаты – бір-бірін іздеп жүрген жандарды табыстыру. Қуанышты сәтті күтудің өзі – қуаныш. Жақыныңыз хабарсыз кетті ме? Тынбай іздеңіз, үміт үзбей күтіңіз.

Хаттарда есімі аталған азаматтар жайлы ақпарат білетіндер болса, хабарласыңыздар, 8-707-53-55-383 нөмірі сіздерден қоңырау күтеді.

ЖАҚЫНЫҢЫЗ ЖАНЫҢЫЗДАН ТАБЫЛСЫН!